Орынборда 1913 – 1918 жж. «Қазақ» газетіне құрылтайшы, демеуші болған серіктестік. Оны құрған, қалыптастырған – ұлт зиялылары. Серіктестік жарнасы 100 сом болып белгіленген. 1917 ж. оның мүшесі 106 адамға жеткен. Сол кездің заңдылығына сәйкес мемлекет қаржыландырмайтын басылымдар осындай серіктіктің көмегімен жұмыс істеген. Тарихтан мәлім жайт: «Қазақ» патшалық саясатқа қарсы мақалалары үшін 4-5 мәрте үлкен айыппен жабылған. Сонда оның қайта ашылуы үшін төленетін мол қаржыны (бір деректе «әр кездері 50, 1500, 3000, 4550 сом айыппұл тағылғаны» айтылады) ұлт ауқаттылары берген. «Қазақ» газетінде «Азамат» серіктестігіне шамасына қарай жарналық қаржы аударып, мүше болған азаматтардың аты-жөні үзбей жарияланып тұрған.