Абайдың өлеңі. 1888 ж. жазған. Онда көшпелі қазақ аулының әлеуметтік жіктелісі, тұрмыс айырмашылығы көркем баяндалған. Мұны табиғат суретімен жымдастыра бейнелеген. Тәкежанның үйіне қонақ боп келген Абайларға арнайы мал соймай, кәрі қойдың өлі етін асып отырған Қаражанның сараңдығын найзаға түйреп, Абай жаңа ғана жазған өлеңін оқи жөнелді: Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай,
Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай.
«Ерте барсам, жерімді жеп қоям» деп,
Ықтырма мен күзеуде отырар бай! -
дегенде, «айтып отырған аулы қазір өздері отырған Тәкежан аулы екені тыңдаушының барлығына тап еткендей таныла кетті. От тауып жылына алмай, боздағы шыққан балалар соры да ұмытылған жоқ. Орта қап қара қида, кәрі қойдың етімен Ерболды жөнелтпек боп отырған сараң үйдің есебі де айтыла келді. Дәл осы үйдің балалар турасында танытқан ит мінезіне арналған қатты мысқыл сөздер енді шығандап шықты. Бай үйіне кіре алмаған, жасқаншақ жыртық балалар мен олардан тамағын ұрлап ішіп отырған Шөпіш танылды. Кедей балаларына жиреніш атып отырған, ысқырған Қаражан мінездері қаз-қалпында өлең қатарына түсті. Әкесі мен шешесі баланы аңдыр,
Ол да өзіндей ит болсын, азғыр-азғыр!
Асын жөндеп іше алмай қысылады,
Құрбысынан ұялып өңшең жалбыр, —
деп шүйілген жолдар иесін тауып жатыр. Әсіресе «Ол да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр!» деп әйгілеп айтқан ауыр соққы қара жанды қақ бастан қамшымен ұрғандай болды. Бай мен кедей арасындағы бітімсіз аңдысқандық айтылады. Балаға шейін екі ұдай хал бар екенін Абай айтып бергенде, «бұлай емес» деп дау айтар, мойын бұрар шама» Қаражан мен Тәкежанда табылмағандықтан, «жамандауға келіп пе ең?» деп дау, ашу айтқан еді. Сөйтіп «бар сорақысы бадырайып тұрған, әрі зорлық, әрі жуандық, әрі арамдық ұясындай бай аулында» сол кездегі қазақ сахарасының басындағы тарихтай болып, Абайдың өлмес-өшпес бірі жыры туып еді («Кек жолында»).