ӘУКЕ

lat: ÁÝKE

з а т. 1. Сиыр малының мойын астындағы салбыраңқы терісі.
Әукем, бұзауды алты тап,

Әукелері салпылдап,

Өгіз болсын атандай (М.Жұмабаев, Шығ.).

Терінің молырақ қатпарланатын жері ірі қараның әукесі, кейбір қой тұқымының бүғағы, еркек малдың күптегі сияқтылар (С.Омаров, Мал терісі.). Холмогор бұқасындай ...әукесі салбырап тынысты жатқан бұл кұжбан өгіз жай өгіз емес (Қ.Сатыбалдин, Қараторғай).

2. Адамның мойын тұсы. Өлкенің Оқу ағарту министрі, әукесі салбыраған Оспан ақын мінбеге көтеріліп, жиналған жұрттың алдында үкім оқи бастады (Қ.Жұмаділов, Соңғы көш). Шекесінен бөліп қайырған бурыл шашын да, быржиған бейнесін де, әнтек күлімсіреп тұратын кішкене көзін де... салбыраған әукесін де көрді (Ә.Әбішев, Жас түлек.). Үлкен көзінің қарасынан аласы көп, жақ еті салбыраңқы, топатайдай болып шыға бастаған қарны мен әукесі бар (М.Иманбаев, Сұлу).