Әуе-десант әскері

lat: Áýe-desant áskeri

жау тылына түсіруге және онда соғыс қимылдарын жүргізуге арнайы дайындалған құрлық әскерлерінің бір түрі. Әуе-десант әскері құрамына жаяу әскерден басқа артиллерия, танк, инженерлік және байланыс әскер бөлімдері де кіреді. Ол өз міндетін шабуылға шыққан құрлықтағы әскерлермен, әскери әуе күштері, Әскери-Теңіз Флотының бөлімдерімен қоян-қолтық қимыл жасай отырып орындайды. Әуе-десант әскері жауды жойып жіберуге жәрдемдеседі, жаудын тылындағы жұмыстарына кедергі жасайды. Шабуыл кезінде Әуе-десант әскері шабылдаушы әскерлердің жау қорғанысын бұзып өтуіне, олардың резервтерін бөлшектеп талқандауға, ядролық және басқа да жаппай қырып жоятын қаруларын істен шығарып тастауға көмектеседі. Қорғаныс кезінде Әуе-десант әскері жау шабуылына тойтарыс беріп, шешуші шайқаста жаяу әскерлермен бірігіп әрекет етеді.