lat: ÁDİSNAMA
(грек. methodos – зерттеу жолы, теория және logos – ілім) – 1) ғылыми таным әдісі;
2) ғылымда қолданылатын негізгі принциптер. Психология теориясына лайықты танымның ұстанымы, әдісі, нысаны мен таным амалдары арқылы психологиялық болмысты өзгеріске түсіру. Зерттеуші психологтың нәтижеге жетуі оның ғылыми құралжабдықтармен қарулануымен қатар, түрлі тәсілдерді әдіснама қорынан таңдап алуына байланысты;
3) дүниенің, қоғамның объективтік заңдылықтары мен құбылыстарын практика және теория игертуге және өзгертуге бағытталған таным принциптерінің жиынтығы.
Әдіс – әдістер туралы ілім, әдістер теориясы, зерттеліп отырған объекті жөніндегі мәліметтерді және жаңалықтарды бір ізге келтіру тәсілдерінің жүйесі. Ғылыми әдістің негізгі мақсаты – объективтік ақиқатты ашу. Зерттеудің нәтижесі де, оған апаратын жол да, әдіс те ақиқат болуы қажет. Әдіснаманың негізінде белгілі бір білімдер (ұғымдар, заңдылықтар) жүйесі жатады.
Әдіснаманың ақиқаттығы оның негізінде жатқан теорияның ақиқаттығына байланысты. Ғылыми әдіснаманың дұрыс құрылған теорияға негізделгендіктен, қате болуы мүмкін емес. Дегенмен, объектіні тану кезінде әдіснаманы қолдануда қателік болуы мүмкін. Әдіс пәннің ерекшелігі арқылы анықталғанымен, олар бір-бірімен қарама-қарсылықта болады. Пән мен әдістің бірлігі қарама-қайшылықтардың бірлігі болып табылады. Әдіс зерттелетін пәннің ішкі заңдылықтарын біртіндеп қарау арқылы ғана ашады.
Әдіс пен пәннің толық сәйкес келуі субъекттің объектке біртіндеп жақындауы нәтижесінде болуы мүмкін. Әдіснама ғылыми-танымдық іс-әрекеттің формасы мен әдістері, әдістемелер бірлігі мен байланысының теориялық негіздеулері туралы ілім. Ғылым әдіснамасы зерттеу компоненттеріне (объектке, затқа, мақсатқа және зерттеу мәселелеріне) сипаттама береді және зерттеу мәселелерін шешу үрдісіндегі алдағы әрекеттер туралы түсінікті қалыптастырады.