lat: ÁDEPTİLİK
Халқымыздың ұлттық психологиясының өзегі, имандылық пен адамгершіліктің басты белгісі, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрінісі, барлық кісілік қасиеттердің жиынтығы. Әрине, «Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы», «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» дегендей, әдептіліктің әр елде тарихи, әлеуметтік өзіндік ерекшеліктері де болғандығы белгілі.
Ал, қазақ халқының әдеп сақтау дәстүрі ешбір тапты, ұлтты, нәсіл мен жыныс айырмашылықтарын алаламайды. Онда релятивизм, абсолютизм, антитеза дегендер кездеспейді. Әдеп сақтау отбасында, ауыл-аймақ, елжұртта қалыптасқан мінез-құлық нормаларын бұзбауға міндеттейді. Мұны бұзған адамға қауымдастық атынан сол ұжымның өкілі өз пікірін айтуға, тіпті тыйым салуға да ерікті, өйткені әдеп сақтау – әлеуметтік дәстүр. Әдеп сақтаудың экологиялық астары да бар. Әдепті адам табиғаттың досы, оны қызғыштай қорғай да біледі. Табиғаттың әсемдігі мен сұлулығына, әдемілігіне әрбір адам зиян келтірмеуге тиіс.
Мәселен, суды ластау, талды кесу, қайнардың көзін ашпау, жолдағы тасты алып тастамау, көкті жұлу, аққуды ату, құдыққа түкіру – барып тұрған әдепсіздік. Әдеп сақтау – мінез-құлық пен қарым-қатынастың қалыптасқан, халықтың өзіндік мінез-құлық кодексі. Осы ереже бұзылса, халықтық дәстүр де бұзылады, ұлттық намысқа нұқсан келеді. Әдеп сақтау – халықтық рәсімге, жол-жоралғыға, тәртіпке, құлдық етіп, еріксіз бағыну емес, бұл ата дәстүрді құрметтеу, қастерлеу, дәл айтқанда адамгершілік борышты өтеу. «Әдептілік – әдемілік» дейді халық.
Әдептілік – ізеттілік, кішіпейілділік, көпшілдік деген сөз. Отбасындағы әдептілікті де әлеуметтік қарым-қатынастың негізі ретінде, әр адам қатаң қадағалап, бұзуға жол бермей, оны қалыптасқан ереже деп түсінуі қажет. Талап қою, әдептіліктің орындалуын талап ету – бүкіл қазақ жұртының, оның мың-мыңдаған әулеттерінің қастерлі міндеті.