ӘЛЕУМЕТТАНУ

lat: ÁLEÝMETTANÝ

(лат. “sосіus” және грек. “logу” тану, парықтау). Бұл пәннің генеологиясы да қарама-қайшылықты, жаңа тарихы да даулы, әлеуметтік ғылымдардың ішіндегі жаңасы болып табылады. Әлеуметтану ең алдымен ағылшын тілдес елдердің университеттерінде орнықты. Мысалы, алпысыншы жылдарға дейін, әлеуметтану факультеттері студенттер тәртіпсіздіктерінің отына май құяды деп айыпталғанда, Ұлыбританияда бұл ірі ауқымға ие бола қойған жоқ. Бұл пәнге анықтама берудің қиындығы нақ осы, түсіну үшін мүмкіндігінше жеңілдетілген мақаладан да көрінеді. Сондықтан осы сөздікте философиядан бастап экономикаға дейінгі теориялары мен ұғымдары бар басқа мақалаларға сілтеме берілген. Барлық әлеуметтік ғылымдардың ішінде әлеуметтану бүкіл қоғам шеңберіндегі өзгерістер мен жан-жалдарды барынша мұқият зерттейді. Осы ғылым шеңберінде талқыланатын тақырыптар ауқымы мен уәж маңыздылығы оны әлеуметтік ғылымдар ішіндегі ең қызықтысы етеді. Әлеуметтану сөзін бірінші болып Огюст Конт қолданған. Дегенмен, қоғамның табиғатына қызығуды батыстық ғылыми ойдың бүкіл тарихының өн бойында кездестіруге болады. Алайда, зерттеудің тікелей объектісі ретінде қоғамға ден қою XIX ғасырда өнеркәсіптік революцияның нәтижесі және саяси төңкерістер салдары ретінде дүниеге келді. Конттың еңбегінде әлеуметтану ғылымның біздің табиғат заңдары туралы түсінігімізге сәйкес әлеуметтік дүние заңдарын түсінуімізге мүмкіндік беретін ғылымның ең биік шыңы деген анықтама берді. Қазіргі түрінде әлеуметтану әлеуметтік ғылым неден құралуға тиіс деген мәселені де, әлеуметтанудың шын тақырыбы не деген мәселені де қозғайтын бірқатар көзқарастарды қамтиды. Соңғы мәселе пәнге мағына берудің, бәлкім, ең жақсы тәсілі болар. Әлеуметтанудың, бірін-бірі жоққа шығармаса да, негізгі үш тұжырымдамасы бар. Олардың үшеуі де оған қоғамды парықтау деген анықтама береді, бірақ қоғам деп нені айтатынымыз жөнінде айырылады. Бірінші көзқарас былай пайымдайды: әлеуметтанудың шын тақырыбы өзара қатынас модельдері мағынасында алынған әлеуметтік құрылым, ол осы құрылымда кез келген уақытта орын алатын жеке адамдар мен адамдар топтарына тәуелсіз дара тұрады: мысалы, нуклеарлық отбасының (әке, шеше және балалар) жағдайы содан орын алатын немесе алмайтын жекелеген адамдарға байланбай-ақ ұрпақтан-ұрпаққа, орыннан-орынға ауысып, сол күйінде қала беруі мүмкін. Екінші көзқарас былай топшылайды: әлеуметтанудың шын тақырыбы біз Дюркгейммен бірге ұжымдық түсінік деп атай алатын нәрседе жатыр: ол адамдардан үздіксіз жоғары болатын және соған адамдар бейімделетін дүниенің когнитивті ұйымдастырылуының кұралдары мен әдістері. Тілдің өзі-ақ бұған тамаша мысал: ол біз туғанға дейін де болатын, біз өлгеннен кейін де бола береді, индивидуум ретінде біз оны шамалы өзгерте де аламыз, жалпы өзгертпеуіміз де мүмкін.