ӘМБЕ, ӘММА, ӘММӘ, ӘММІ, ҺӘММА, ҺӘММӘ, ҺӘММЕ, ҺАММА, ҺАММӘ, ХАММЕ

lat: ÁMBE, ÁMMA, ÁMMÁ, ÁMMİ, HÁMMA, HÁMMÁ, HÁMME, HAMMA, HAMMÁ, HAMME

(пар. һәмма همه ) барлығы, түгел, күллі.

Ай батқандай болды да, Әмбе жұрт жатыр қамалып («Болат, Жанат». Бабалар сөзі. 6-том. 2004. 100 томдық).

Өзімізден туды деп, Әмбеге хабар салайық («Еңсегей бойлы Ер Есім». Бабалар сөзі. 56-том. 2009. 100 томдық).

Әмма жағын күңірентті, Таяқ жеп әбден тарықты («Мұхаммед пайғамбар». Бабалар сөзі. 11-том. 2005. 100 томдық).

Бұл сөзін әммә қауым қабыл алды, Жайласып сол тығырыққа жатып қалды («Мағауия Абайұлы Құнанбаев». Бес ғасыр жырлайды. ІІІ том. 1985).

Бұл заман Пайғамбардың әммісі, Түсінде көреді бұл бір кісі («Қисса Бәдір». Бабалар сөзі. 16-том. 2005. 100 томдық).

Һәмма жігіттер жау-жарағыны алып уа шарайна белдік уа сауыт уа найза уа аслахларыны алып істеріден жайлап махкам қылып... («Үшбу Ғауазханның қиссасы-дүр». Бабалар сөзі. 48-том. 2008. 100 томдық).

“Басын кес” деген сөзін есіткен соң, Тіледі “өлтірме” деп көп һәммалары («Қисса Таһир Зүһра». Бабалар сөзі. 19-том. 2005. 100 томдық).

Басында сені құл деп сатып еді, Барша жұрт һәммә сенің құлың, деді («Жүсіп-Зылиха». Ғашықнаме, 1976).

Жүрегімде қалды дағ арманы, Һәмме келді, менің ағам келмеді («Бозұғлан, Ахметбек һәм Жүсіпбек». Бабалар сөзі. 47-том. 2008. 100 томдық).

Қаулаған қалың қоға қанша тоғай, Һаммасы бір шырпымен қаулап жанар («Орақ Мамай». Бабалар сөзі. 40-том. 2006. 100 томдық).

Ерсе Бұлдырық қасап һаммә қойларны пұл қылып, пұлдарны Көрұғлының алдыға қойдылар («Хикаят Көрұғлы сұлтан». Бабалар сөзі. 48-том. 2008. 100 томдық).

Хәмме жұрттан озған соң, Хансұлу деп атақ береді («Қобыланды батыр» (Ережеп Тілеумағамбетұлы нұсқасы). Бабалар сөзі. 37-том. 2006. 100 томдық).