ӘРЕКЕТСІЗДІК

lat: ÁREKETSİZDİK

Адамның жұмыс қабілетінің тоқырауға ұшырауы. Әрекетсіздік енжарлық, жалқаулыққа соқтырып, ақыл мен сананың дамуына да теріс әсер етеді. Әрекетсіздік ешбір іс-қимылсыз, қозғалыссыздықты білдіретін мінездің жағымсыз да ұнамсыз көрінісі. Әрекетсіздік еш нәрсеге ұмтылмау. Іс-әрекеттің ұнамсыз, теріс түрі адамның саналы мақсатына жетуге деген ықылас-ынтасының болмауы.

Әрекетсіздік адамның еріксіздігін, жігерсіздігін, құндылық пен қажеттілікті жете түсіне алмайтындығын байқатады. Әрекетсіздік адам мінезіндегі жалқаулық пен енжарлық сияқты ұнамсыз сипатты білдіреді. Әрекетсіздіктің бір ерекшелігі: мойны жұмысқа жар бермейтін еріншектік. Ұлы Абай «еріншектік күллі дүниедегі өнердің дұшпаны» деп анықтаған.

Әрекетсіздік мінездегі ұнамсыз сипат ретінде адамның жұмыс істеу қабілетін тоқырауға душар етуімен бірге, оның ақыл-ойы мен санасының дамуына да теріс ықпал етеді, әрбір нәрсенің, құбылыстардың мән-жайын пайымдап түсінуіне кедергі жасайды. Халық даналығы «әрекет етсең берекет» дейді. Бұл мәтел өнегелі сөз ретінде адам мақсат-мүддесіне жету жолында үнемі еңбекпен айналысып отыру қажет деген адамдық қасиеттің өзіндік белгісін білдіреді. Баланың ақылойы мен денесінің дамуы да әрекетшілдікке тәуелді. Әрекетсіздік баланың қимылқозғалысын жарамсыз етіп, ақылесінің дамуын тоқыратады.