ƏЗІРЕТ ƏЛІ / ХАЗРЕТ АЛИ

lat: ÁZİRET ÁLİ / HAZRET ALI

Мұхаммед пайғамбардың күйеу баласы, мұсылмандардың аты аңызға айналған батыры, ислам дініндегі əділ халифалардың төртіншісі. Алайда тарихи тұлға болған Əлі 661 жылы қаза болғаннан кейін, исламда оның бейнесі аңыз-əпсанаға айнала бастады.                                                                                                                                                                                             Шығыс бейнелеу өнерінде Ə. Ə. қасиетін көрсететін белгілері басының сыртын қоршаған жалынмен, қолындағы Мұхаммед пайғамбардан мұраға қалған ұшы айыр қылыш Зұлпықармен, жауынгерлік аты Дүлдүлімен бейнеленеді. Аңызға айналған ерліктеріне байланысты мұсылман мифологиясының мифтік кейіпкеріне айналған Ə. Ə. қазақтардың ислам дінін қабылдауымен қазақ ортасында батырлардың қолдаушы киелі піріне айналған. Қазақ батырлары жорықта, соғыста, шайқас алдындағы жекпежекке шыққанда басқа пірлерімен бірге Ə. Ə.-нің де есімін атап, сыйынып қолдау сұрайтын болған. Ə. Ə.-нің қылышы Зұлпықар қазақтарда асыл қылыштың бейнесіне, эпитетіне айналды. Оның жауынгерлік аты Дүлдүл батырдың тұлпарының эпитеті ретінде қолданылады. Ə. Ə. қазақтың халық ауыз əдебиетінде Алланың Шері, Арыстан, Шер Əлі, Əлі Шер деген бірнеше лақап аттарымен де аталады