АЛЬБОМДЫҚ ЛИРИКА

lat: ÁlbomDYQ LIRIKA

орта ғасырдағы француз поэзиясының лирикалық жанры. Бұл жанрға жататын өлеңдерге тән басты қасиет сыршылдық, нәзік сезімге берілу. Бұл қасиет оңаша, өзімен өзі болып отырып сыр шерту, көлденең, адамға білдірмейтін ішкі сезімді, жүрек сырын қағазға жазудан келіп шыққан. Осы лириканың поэзияда қалыптасқан үлгілеріне де мұндай қасиет айрықша тән, ақынның көңіл күйін, әсер-сезімдерін көрсетуге көп мән беріледі. Олардың ішінде ең жиі кездесетін махаббат тақырыбына арналған лирикалық өлең баллада (сюжетсіз түрі) болған. «Жүз баллада кітабы» атты жинақта бірталай ақындардың А.л. үлгісіндегі туындылары топтастырылған. Кейінірек Франциядан бүкіл Еуропаға тарайды. 18-ғасырдың аяғы мен 19-ғасырдың басында Россияға келеді. Пушкинге дейінгі және одан кейінгі орыс ақындарының бір- қатары лириканың осы түріне көбірек дең қойған. А. л-ны әсіресе әуесқой ақындар көп қызықтаған. Петербор мен Мәскеудің әдеби салондарында өткен ғасырда а. л. үрдіс алған болатын. Атағы барлар да, атағы жоқтар да сұлу бикештердің альбомдарына қолтаңбасын қалдыруға тырысқан. Пушкин «Евгений Онегин» романында жеңіл-желпі жазыла салатын альбомдық өлеңдерді келемеждеп сынға алады. Альбомға қосылатын әр өлеңді үлкен талғампаздықпен таңдай білу керек, ал арнайы жазылған ақынның өлеңі болса, ол қымбат қазына, оны бағалай білу, жақсылап сақтау ұқыптылықтың, белгісі деген ойды Мағжан әдемі айтқан: Альбом жүрек, жақын достар қолға алар, Таза жүрек оны оқып, толғанар. «Мен жазайын, мен оқиын», деп алып. Шимайласа, жүрекке лас жол қалар. Алайда а. л-ның шынайы дарынды ақындар туғызған нұсқалары да аз емес. Орыс классиктерінің а. л. үлгісінде жазылған туындылары әлеуметтік сипат алып, маңызды қоғамдық мәселелерді қозғады. Осындай лирикалық өлеңдердің, бірі М Ю. Лермонтовтың Абай қазақ тіліне шебер аударған «Альбомға» («Сал демеймін сөзіме ықыласыңды») деген өлеңі. Қазақ поэзиясында а. л. түріне жақын келетін өлеңдер бірқыдыру. Мысалы, Мағжанның, арнау өлеңдері. Күмісбаев Ө.