(лат. socialis – қоғамдық) қоғамдағы әртүрлі топтардың тіліне тән сөз қолданыстары. Бұл термин адамдардың әлеуметтік даралануына негізделген әртүрлі тілдік оралымдардың жалпы атауы ретінде қолданылады. Қоғамда адамдар әлеуметтік, кәсіби, жас ерекшеліктеріне байланысты түрлі топтарға бөлінеді. Әлеуметтік топ өкілдерінің қызығушылықтары, ұстанымдары мен сөйлеу мәнері өз ішінде ұқсас, ал топтардың арасында өзгеше болып келеді. Қоғамдағы әлеуметтік топтардың мұндай арнаулы сөздері ұлттық тілдің құрамына кіргенімен, әдеби тіл нормаларына сәйкес қолданылу барысында белгілі бір заңдылықтарға бағынады. Әлеуметтік диалекті ұғымын арго сөздердің баламасы ретінде тар мағынада да, сондай-ақ, тілдің әлеуметтік деңгейлері ретінде қаралатын тілдің қызмет етуінің негізгі формаларын қоса алғандағы кең мағынада да қолдануға болады. Бұл термин мейлінше кең тараған мағынасында нақты ұлттық тіл аясында кәсіби, әлеуметтік, жас және басқа да белгілеріне қарай біріктірілген адамдар тобына тән тілдік ерекшеліктердің жиынтығы деген мағынаны білдіреді. Осыған сәйкес әлеуметтік диалектілерге тілдің кәсіби сөздер мен түрлі топтық жаргондар тәрізді түр өзгешеліктері кіреді. Әлеуметтік диалектілер коммуникативті жүйедегі қызметі жағынан бәсең және белсенді болып екіге бөлінеді. Қолданысы бәсең әлеуметтік диалектілерге көбіне кәсіби топтардағы сөздер жатса, белсенді әлеуметтік диалектілерге жастардың түрлі жаргондары жатады. Әлеуметтік диалект әлеуметтік факторлардың әсерінен оның фонетикалық, лексикалық және синтаксистік жүйелері негізінде пайда болатын тілдің стандартты формасының тәуелді нұсқасы. Ол алдын-ала белгілі болған әлеуметтік факторлардың негізінде әлеуметтік топтың арасында пайда болады. Негізінен әлеуметтік диалектілер жергілікті говорлармен тығыз байланысты, сондықтан ол сол аймақтағы кәсіп, шаруашылық түрлерімен де өзара байланыста болады. Аймақтық диалектілерден әлеуметтік диалектілердің айырмашылығы оның белгілі бір географиялық кеңістікпен толықтай байланысты болмауында жатыр. Әлеуметтік диалект негізінен әдеби тілге инвариант болып табылады, бірақ, ол кейбір жағдайда әдеби тілдің деңгейіне дейін жетіп, сондай танымал бола алады.