Әлпет

lat: Álpet

Әлпетіне қараса, сырлап соққан моладай (Шашубай). Сағат бас инженердің мына сөзді айтқандағы қабағына, бет әлпетіне қарады да, ішінен «көреміз» деді (Ғ. Сыланов). Қазақ тіліндегі бет әлпеті (түр әлпеті, жүз әлпеті, бас әлпеті ), сөз әлпеті, өз әлпеті деген тәрізді тіркестердегі әлпеті екі түрлі мағына беретін тәрізді: 1) бір нәрсенің жалпы түрі, жалпы бейнесі (І-мысал); 2) бір нәрсенің белгілі бір жеріне (жүз, бас т. б.) ғана байланысты айтылып, көбінесе оның түсі мен түрін, сипаты мен бейнесін көрсетеді (2-мысал). Бұл сөз екі түрлі түбірден құралған болу керек : әл+пет яғни ал+бет. Қазақ тіліндегі ал жапқыш, алға, алдыңғы, бет алыс деген тұлғаларды салыстырсақ олардың негізгі түбірі ал екендігін көру қиын емес. Ол әдетте бір нәрсенің «алдыңғы жағы, маңдай алды, бет алысы, беті, жүзі, түрі» деген ұғымда қолданылады. Қазіргі түркі тілдерінде бұл сөз осы мағынаны беру үшін ал, алы, алд, алны (шағатай), алт (тоболь), алд (татар) формаларда кездеседі (Будагов.Ср. сл. тур.-тат. нар.). Көбінесе тәуелдік жалғауда тұрып жұмсалатын бұл сөздің тұлғалану заңдылығы осы күнгі түркі тілдерінде мынадай тәрізді: ал ~ алын - алыны алны ~ алды (Исхаков. «Некот, предположения») Көне түркі тілдерінде де осылай: ал ~ алын ~ алны (Малов. Пам. др. письм.) Кейбір түркі тілдерінде қолданылатын бит (татар, башқұрт), бет (қазақ, қарақалпақ, құмық, ногай, өзбек), бәт (ұйғыр), пит (чуваш) сөздерінің орнына азербайжан, түрік тілдерінде алын формасы жұмсалады (Иехаков. Опыт ср. сл.). Қазіргі қазақ тіліндегі әлпеті деген тұлғаның екі түрлі сөзден барып бірігуі де олардың осындай өзара мағыналас, әуендес болып келуінде жатса керек. Мұндағы ал келесі сөздің дыбысталу ыңғайымен жіңішке ( әл ) айтылатын болып қалыптасқан сияқты. Қазақ тіліндегі кейбір дауыссыз дыбыстар үнді мен дауысты дыбыстардың аралығында келіп айтылса, көбінесе ұяң формада жұмсалады: әлбетте (әлпетте емес). Осы ізбен әңгіме болып отырған сөз де әлбеті болып айтылуға тиісті еді, бірақ оның керісінше б бұл жерде қатаң п дыбысымен алмасып келіп тұр. Жалпы түркі тілдері мен қазіргі қазақ тілінің кейбір материалдарына қарағанда б меп п дыбыстарының өзара орын алмасып, әрқилы формада қолданыла беретіндігі заңды құбылыс сықылды: опа (шағатай), оба (өзбек, түрік, қырым татарлары, азербайжан, қарашай, қараим, қазақ, қарақалпақ), ооба (түрікпен), обо (қыргыз, алтай), обоо (телеуіт); қапақ ~ қабақ (ұйғыр), қабақ (қырғыз, татар, телеуіт, қазақ, қарақалпақ), қапақ (түрік т. б.). Бұл дыбыстар сөздердің басқа түрлі позицияларында келіп те өзара алмаса береді (Рясянен. Мат.- лы по ист. фон. тюрк. яз.). Қазақ тілінің кейбір говорларынан да біз осыны байқаймыз: кепе - кебе, кепен ~ кебін, өнепойы - өнебойы, төпе ~ төбе, полат ~ болат. пітіру ~ бітіру, пейнет ~ бейнет, пида ~ бұйда; әлбеті ~ әлпеті, әптен ~ әбден, пырт — бырт т. б. (Аманжолов. Вопр. диал.). Тіпті әдеби тіліміздің өзінде де елбеңдеу — елпеңдеу деп екі түрлі айтыла береді. Осыдан барып, әңгіме болып отырған сөздің қазақ тілінің батыс говорындағыдай әлбеті емес, әлпеті болып қалыптасуы жалпы түркі тілдерінің, оның ішінде қазіргі қазақ тілінің де өзіндік фонетикалық заңдылығына қайшы келмейтін тәрізді. (Ә. Қ.)