Адамның дүниетанымдық, моральдық-психологиялық қасиеттері және оның қоғамға қарым- қатынасын білдіру арқылы көрінетін ішкі қағидасы. Өмірлік ұстаным адам іс-әрекетінде белсенді (айналадағы шындықты өзгертуге үнемі ұмтылу) немесе бәсең (қалыптасқан дәстүр мен норманы сактау) түрінде көрініс береді.Өмірлік ұстаным — жеке адамның іс-әрекетінің белгілі бір бағыттылығы. Адамгершілік бағытта Өмірлік ұстаным жеке адамның мінез-құлық жүйесінінен көрініс табады, адамдардың сенімінен, ар-ожданынан, идеялық бір бағыттылығынан байқалады. Адамның өмірлік ұстанымының шындығын және дұрыстығын айқындау қоғамның прогресті бағытта дамуына сай келуімен өлшенеді. Тұлғаның жеке бастық дамуын анықтаудың ең басты белгісі оның коғамдық тарихи процестегі орнын белгілеу болмақ. Адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуы, ең алдымен, оның өмірден өз орнын саналы түрде таба білуіне байланысты. Жеке тұлғаның өзіңдік өмірлік ұстанымы оның қоғамға, коғамдық байлыққа деген көзқарас пікірінен, іс-әрекетінен, қоғамдык қызметінен, өмірге деген көзқарасынан білінеді. Адамның өмірі мен қызметі, өмірге деген көзқарасы оның мамандығына байланысты. Адамның өмірлік белсенді ұстанымы еңбек процесінде айқындалады, шыңдалып беки түседі. Ол іс-әрекет пен сөздің бірлігінен, адамның алға қойған мақсатты орындаудағы белсенділігінен, теориялық білім, білік, іскерлік қабілетін жүзеге асыра білуінен байқалады.