ӨЗІМШІЛДІК

lat: ÓZİMSHİLDİK

(лат. еgo-мен) 1) адамды оның қоғамға және басқа адамдарға қатынасы тұрғысынан сипаттайтын өмірлік принцип пен моральдық қасиет. Ол басқалардың мүддесімен санаспайтын, тек өз мүддесін ғана көздейтін жеке бастық теріс қасиетті бейнелейді. Өзімшілдік жалған адамгершілік принцип ретінде аморальдық қасиеттен болып саналады; 2) субъектінің құндылық бағдары; өмірлік қарекетінде өз қамын, өз қажетсінулерін басқа адамдар мен әлеуметтік топтардың мүдделерінен үстем санаушылық. Өзімшілдік көріністеріне субъект өзінен басқаға қарақан басының мақсаттарына жетудің объектісі, құралы деп қарау тән. Өзімшілдіктің дамуы, тұлғаның үстем ой ниетіне айналуы индивидті тәрбиелеудегі елеулі кемшіліктерден болады. Отбасындағы тәрбиенің бағдары баланың өзін тым жоғары санауына, яғни эгоцентризміне бағытталса, бала өз мүдделерік, қажетсінулерін ғана негізге алатын мінез-құлық қалыптаса бастайды. Есейе келе мұндай мінез-құлық арқылы өзін ғана жақсы көрушілік, өзінен басқаның күйініш-сүйінішіне немкұрайлылық дендеп, субъектінің сыртқы дүниеде өзін оқшау, жалғыз санаушылығы туындайды. Қайсыбір психологиялык, және әдептік-психологиялық тұжырымдамаларда Өзімшілдік адамның туа біткен қасиеті, осының арқасында ол өзінің өмірлік қарекетін қамтамасыз етеді деп қарастырады. Әдеттегі ұғымда Өзімшілдік альтруизмге (көпшілдік) қарама-қарсы мағынада қолданылады.