Өркениет

lat: Órkenıet

(лат. civilis азаматтық, мемлекеттік) қоғамның материалдық және рухани жетістіктерінің жиынтығы. Жаңа заманғы философиялық тұжырымдамаларда өркениет ұғымы бүкіл дүние жүзілік тарихи процеске талдау жасау тұрғысынан түсіндіріледі. Француз ағартушылары парасат пен әділеттілікке негізделген қоғамды өркениеттік қоғам деп атап, сол арқылы тұтастықты, қоғамдық үйлесімділікті қамтамасыз ететін факторлардың маңызын атап көрсетті. Ал, Кантта мәдениет, Н. Я. Данилевскийдің, Шпенглердің тұжырымдамаларында өркениет ұғымы мәдениет ұғымына қарсы қойылады. Мысалы, Шпенглер органикалық-өмірлік құбылыстардың шыңы ретіндегі мәдениетті техникалық-механикалық элементтердің жиынтығы түріндегі өркениетке қарсы қояды. Осыған байланысты өркениетті олар қоғамның құлдырауы мен құрып кетуінің көрсеткіші ретінде қарастырады. Тойнби Өркениетті эерттеу объектісі ретіндегі тарихтың бөліп қаралатын белгілі-бір кезеңі деп қорытты. Бір Өркениеттің басқасынан шектелуі әрбір кезеңнің өзіндік даралығын анықтайды. Осы заманғы социологияда (Л. Уайт және т. б.) Өркениет негізгі үш компонент техника, әлеуметтік ұйым және философия арқылы қоғамның ішкі ұйымдасуы, негізделуі көзқарасы тұрғысынан қаралады, бұл орайда техника қалған компоненттерді айқындайды. Марксизмде Өркениет қалыптасуы тарихи тұрғыда сословиелер мен таптардың арасында қайшылықтардың пайда болуымен, еңбек бөлінісінің тереңдеуімен, таптық қатынастардың мәнісін білдіретін заңдардың шығуымен байланыстырылады. Энгельс былай деген болатын:. «Өркениет еңбек бөлісі, одан туындайтын жекелеген адамдардың арасындағы алыс-беріс және осы екі процестің тауарлы өндіріске бірігуі толық кемел шағына жетіп, бұрынғы бүкіл қоғамда төңкеріс жасайтын қоғамдық даму сатысы болып табылады» (21-т. 173174 б.). Өркениет типтерінің антагонистік характерінің ашылуы дүниежүзілік тарихи қозғалыстың заңды сатылары ретінде қоғамдық-экономикалық формацияларға талдау жасау жөніндегі таптық көзқараспен байланысты.