ҮМІТ

lat: ÚMİT

(пар. үмид اميد) дәме, бір нәрсенің іске асуына күні бұрын сену, тілеу.

Табам деп ғашық жарын үміт етті, Арада мейлім менен көп күн өтті («Қисса Зияда, Шаһмұрат». Бабалар сөзі. 18-том. 2005. 100 томдық).

Үмітім бар, тыңла, сізден шапағат, Һәмма адам жығылғанда қиямет («Хикаят Көрұғлы сұлтан». Бабалар сөзі. 48-том. 2008. 100 томдық).

Қиссам ұнап басылса құзырыңызда, Берер деп үмітім бар еңбегімді («Патша Синдбад хикаясы». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).

Су жұтып сан жүзсе де шыға алмапты, Соңында құтылудан үзді үмітін («Әбуғалисина, Әбілхарис». Дастандар, 1990).

Қисапсыз темір киген әскер шықты, Жанымнан үміт үзіп жаман састым («Иранғайып шаһ Ғаббас». Ғашықнаме, 1976).

Үміт кесу үміт үзу.

Айтпады “сауықтыр” деп тіліне алып, Мәжнүннен үміт кесті қайран қалып («Қисса Ләйлі Мәжнүн». Бабалар сөзі. 19-том. 2005. 100 томдық).

Най үміт [нәйүміт, нәй үміт, наумыт, ноумид] үмітсіз.

Бұтаға қорғалаған торғай қалар, Қайтпаған нәмірт най үміт , көкке шығып («Еңсегей бойлы Ер Есім». Бабалар сөзі. 56-том. 2009. 100 томдық).

Уәзір Шеризаттан мұны естіп, Нәйүміт боп патшаға келді жетіп («Қисса Шеризат Күлшат». Бабалар сөзі. 18-том. 2005. 100 томдық).

“Болса да кәпір, нәй үміт қайтпасын” деп, Оғына балықты ұстап қарам қылып («Еңсегей бойлы Ер Есім». Бабалар сөзі. 56-том. 2009. 100 томдық).

Наумыт болып өттік, деп, Бұлар да ақыл қылмады («Қисса Нәрікбай-Шора» (Майкөт Ә.Сариев нұсқасы). Бабалар сөзі. 45-том. 2007. 100 томдық).

Шапағаттан ноумид қып, Кеттің бе, бауырым, жыраққа?! («Қисса Мансұр әл-Халаж». Бабалар сөзі. 11-том. 2005. 100 томдық).