Бір дегенім білеу, екі дегенім егеу, үш дегенім үскі. Үскі — үлкен біз (Будагов. Ср. сл. тур.-тат. нар. 136). Үскі сөзі республикамыздың әр жерінде әртүрлі мағына береді: Омбы жақта үскі «үлкен біз» мағынасында қолданылады. Талдықорған маңы мен Маңғыстау түбегінде ол үскі біз болып та айтылады (үлкен біз), Қызылорда да үскі деп қалыптың үстіңгі жағы аталады. Үскі сөзі кейбір түркі тілдерінде «оймақ» мағынасында қолданылады: азербайжанша үскүк — оймақ, ойратша ус — мастер, шебер; ус кижи — мастер. Сонымен үскі сөзінің түбірі - ус («шебер» деген мағынада), -кі — жұрнақ. Сөйтіп, үскі — шеберлер пайдаланатын құралдардың атауы (біз, оймақ, қалып т. б.) ретінде қалыптасқан. (Ж. Б.)