ІС /116/

lat: İS /116/

зат. 1 . Істеліп жатқан жұмыс, шаруа, еңбек .

Айнала ақ түтек борасын,

Сен кімсің?

Тым суыт жолаушым?

Бәлкім, бір асығыс іспенен ,

Алыстан шыққан да боларсың? (1,127).

Әліксалам! деп, Әбіт те егеудей алақанымен быртиып тұрған моп-моқал саусақтарын тарбита ұсынды да, ісін жалғай берді (4,199).

2 . Әрекет (қаракет), іс-қимыл, шара .

Жауыңның күшін аңдамай,

Бетпе-бет ұрыс салмағай!

Ол көп тағы, сен азсың,

Опық жеп, балам, қалмағай,

Алды-артыңды барламай,

Орынсыз іске бармағай! (2,112).

Сол қасиетті парызды өтеу жолында оның қабілеті мен ісі , таланты мен шеберлігі айқындалмақ (4,253).

3 . Болған жағдай, өткен оқиға .

Ақжан-ай, Ақжан, кел бері,

Болар іс болды, қарағым.

Өкпем жоқ, қалқам, сендерге,

Құдайға ғана наламын (2,322).

Ақырын соққан жүрегі

Ақтарыл дей ме, не дейді?!

Біледі ана, біледі,

Өткен іс қайтып келмейді (2,321).

4 . Алға қойған мақсат, міндет .

Тындырар істер көп қолдасаң,

Сен үшін әлі көп жол басам.

Октябрь тағдыры не болмақ,

Алып ел, егер сен боламсаң?! (1,124).

Көп істер қалды бітпеген,

Көп істер кетті арқада.

Көз алмай жалғыз нүктеден,

Қала да берді жұбайы (2,314).

5 . ауыс. Теріс қылық, бұзақылық, қылмыс .

Анамды өкпелетпе, байқа, бала...

Екінші мұндай істі қайталама! (1,139).

Айбардың ісі аяқталған жоқ (4,53).