ІЗ

lat: İZ

зат. 1 . Адамның, малдың т.б. табанының жерге түскен таңбасы .

Қызылқұмда ізіміз қалар ма екен,

Іздеген жан біздерді табар ма екен?

Адасармыз адассақ, қарамай-ақ,

Кел, екеуміз кезейік жалаңаяқ (1,137).

Іздер жатар қар бетін шиырлаған,

(Шұбырынды із шықса, қиындаған).

Қызыл түлкі қырқадан қылаң етсе,

Құмай тазы соңынан құйындаған,

Қанды басың бері тарт, бұйыр маған! (3,147).

2 . Табаннан басқа бір нәрсенің (саусақ, қалам т.б.) таңбасы, дағы .

Алдыңа келу қандай қиын маған!

О, менің ақ бақытым бұйырмаған.

Саусағының ізіне көзің салшы,

Шым-шытырық шимаймен шиырлаған,

О, менің ақ бақытым бұйырмаған (3,228).

Сен нетесің сондай бір сәттеріңде?

Мұңның шаңы іліксе пәк көңілге?

Қараймын да отырам ондайда мен.

Қалам ізі түспеген дәптеріме (2,293).

3 . ауыс. Адамның жүріп өткен жолы (соқпақ) .

Иір-қиыр сайларда,

Ирек-ирек із қалған.

Аққан бұлақ жайлаудан,

Атқылайды құз-жардан (2,161).

Жылдар өтіп барады тізбегімен,

Жаздарыммен қоштастым, күздеріммен.

Жүріп өткен сендердің іздеріңнен ,

Үміт үзбей сендерді іздедім мен (2,268).

4 . ауыс. Бір нәрсенің (үрейдің, қорқыныштың т.б.) белгісі .

Ізі жоқ менде үрейдің,

Үрейленбе, әке, сен дағы.

Абыржыма, әке, тілеймін!

Абыржымасын Жер дағы (2,298).

Орнынан тұрып, төңірекке қарады. Бұл аймақта ешқандай тіршіліктің ізі де қалмаған сияқты (4,190).