—фантастикалық әдебиеттің жетекші саласы. Үстіміздегі ғасырдың 20—30-жылдарында, фантастикалық әдебиеттің негізгі мақсаты ғылымды, техниканы дәріптеу деп саналған кезде тілге енген бұл терминнің жалпы алғанда шартты сипатын ескерген жөн. Қазір фантастикалық шығармаларды көркем прозаның ұлы арнасынан бөліп қарау мүмкін емес, Маркестің, Борхестің, Лэмнің, Абэнің, Шепардтың, т. б. фантастикалық тұрғыда жазылған роман, повестері көркем ойға олжа салған, аса күрделі философиялық, психологиялық туындылар қатарынан саналады. Әйтсе де ғ. ф-нын ғылыми-техникалық прогреспен тығыз байланыста екендігін теріске шығару жаңсақ болар еді. Ғ. ф. прогресс идеяларына сүйене отырып, алые яки жақын болашақты болжайды, сол кезде адамзат қандай күй кешпек, адамдар арасындағы қарым-қатынас қандай сыңайда өрбімек деген мәселелерге ден қояды. Ғ. ф. шығармаларының көбінесе утопиялық немесе антиутопиялық мазмұнда жазылуының да сыры осында. Ғ. ф-ның нышандарын классик жазушылардың, біразының шығармаларынан ұшыратқанмен, оның негізін салған, басты принциптерін қалыптастырған, қалың оқырманға танымал әдебиет дәрежесіне көтерген адам — атақты француз жазушысы Жюль Берн болатын. Жер асты, су астындағы жұмбақ тірлік, ғарыш сыры жайлы арман-қиялға ерік беретін Ж. Берн романдары фантастикада тұтас бір бағыттың тууына себеп болды (А. Кларктың, В. Обручевтің, Беляевтің, Н. Ефремовтың, т. б. шығармалары). Дегенмен ғ. ф-ны жаңа өреге көтерген, оның тек жеткіншек ұрпақтың ғана емес, жалпы жұрттың назарын аударуға хақысы бар салиқалы әдебиет екендігін дәйектеген, ғ. ф-ның әлеуметтік, философиялық шығармалар тудырудағы ерекше мүмкіндігін паш еткен Г. Уэллс еді. Уэллс шығармаларының тақырыптың диапазоны кең — уақыт кедергісін жеңу, жат планеталықтар мен кездесу, вивисекция, жасанды интеллект, т. б. Бірақ сол сан алуан тақырыптағы шығармалардың идеялық өзегі бір-ақ ойға — адамның адамшылық қалпын сақтап қалуы туралы ойға саяды. Ғ. ф.-ның тыңнан тыныс ашып, мейілінше тез өркеңдеуі 2-дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңнің еншісіне тиеді. Р. Бредбери, А. Азимов, К. Сайман, Ст. Лэм, ағайынды Стругацкийлер, т. б. жазушылар ғ. ф-ның жанрлық аясын кеңейтіп, әлеуметтік, философиялық мәнін арттырды. Әлемдік қауіп жер тоздырып, адамзат болашағы ғ. ф. көтеретін негізгі мәселелерге айналды. Қазақ ғ. ф-ның алғашқы шығармаларын А. Алашанов, Т. Сұлтанбеков, М. Сәрсекеевтер жазды. Қазіргі қазақ әдебиетінде тек ғылыми фантастика саласында ғана еңбек етіп жүрген А. Мархабаев, Р. Баймаханов, Р. Бектібаев, Ж.Сахиев сияқты жазушылар бар. Доскенов Ғ.