АУДАРМА

lat: AÝDARMA

әдеби шығарманың бір тілден екінші тілге көшіріліп қайта жасалуы, басқа тілдегі түпнұсқа негізінде жазылған көркем туынды. Ертерек кездерде белгілі сюжетке жазылған еліктеу түріндегі шығармалар аз болмаған. Оларды дәп бүгінгі дәуірде қалыптасқан мағынада аударма деуге келмейді. Олар кейде еркін аударма деп саналғанмен, шынында төлтума шығарма сипатына ие болады. Мысалы, Абайдың Пушкин, Лермонтов сияқты орыс классиктерінен аударған өлеңдерінің толық мағынадағы сәйкес, дәлме-дәл аудармаларымен қатар, еркін еліктеу түрінде жазылған, өзіндік туындыға айналған нұсқалар да бар. Толық мағынасындағы аударма қалайда түпнұсқаға негізінен сәйкес болуы шарт. Әрине, шығарманың тексін бастан аяқ сөзбе-сөз тәржімалау мүмкін бола бермейді. Әсіресе, поэзиялық шығарманың аудармасында кейбір еркіндіктер болмай қоймайды. Өйткені бір тілдегі қалыптасқан сөз қолдану тәсілдері, бейнелі сөздер көшіріп, сол түпнұсқадағы қалпын сақтап жеткізуге келе бермейді. Басқа тілде айтылған ойдың жалпы мағынасын жеткізуден гөрі, сол әдебиетке тән көркемдік ойлау, бейнелеп сөйлеу, сөз қолдану өзгешеліктерін дәл келтіру әлдеқайда қиын. Ал ойсыз көркемдік ой-сезімнің әсерлілігі де толымды болмайды. Сондықтан аударма түпнұсқаға мағынасы қаншалық жақын келетініне орай дәлме-дәл аударма, еркін аударма, сәйкес аударма деп ажыратылады. Түгелдей алғанда, қандай аударма болсын творчестволық сипат алады, бастан аяқ сөзбе-сөз тәржімалау емес, сөздердің мағынасын, көркемдік қуат, бейнелілік әсерін неғұрлым толық жеткізу мақсат етіледі. Көркем аударманың қасиетін арттырып түпнұсқаның мағыналық байлығын, ой-толғамдары мен сезім иірімдерін, көркемдік өзгешеліктерін жаңғыртып, жарқырататын қайта туғызатын суреткерлік шеберлік. Көркем аударманың бүгінгі әдеби процесте алатын орны үлкен. Аударма әдебиеттің кең арналы, мол саласының бірі. Аударманың сөз дамытудағы мәні де айрықша зор. Өйткені аударма арқылы бір халықтың таңдаулы әдеби шығармаларынан басқа халықтың өкілдері сусындай алады, Қазір жер жүзі әдебиетінің көптеген тамаша туындылары қазақ тіліне аударылған. Сондай-ақ белгілі қазақ жазушыларының туындылары да басқа тілдерге аударылып келеді. Аударма арқылы әдеби байланыстар нығайып, байи түседі. Көркем аударма жасау үшін аудармашының кем дегенде екі халықтың тілін білуі шарт. Онсыз аударма сапасы ойдағыдай шықпайды, түпнұсқаның ұлттың сипаты, өзіндік өзгешеліктері сақталмайды. Аудармада сөз қолдану, ойдың мағынасын толық жеткізу, көркемділігін жоғалтпау, маңызын төмендетпеу сияқты принциптерге назар аударылады. Сондай-ақ идея, өмір құбылыстарын түсіру қалпы, нәзік психология түгел сақталуы керек. Мәселен М. Әуезовтің «Абай жолы» романының орыс тіліне аударылуы түгелдей алғанда сәтті болды дей аламыз. Күмісбаев Ө.