АУЫЛ

lat: AÝYL

Қоғамдық еңбек бөлінісінің, яғни қолөнер мен ауыл шаруашылығының бөлінуі нәтижесінде пайда болған қоғамдық өмірдің нақты әлеуметтік кеңістіктік түрі. Ауылдың қоныс жүйесі ретінде қаладан айырмашылығы оның тұрғындары ауыл шаруашылығымен айналысады. Ауыл тұрғындарының тығыздығы төмен және саны аз. Ауылдың еңбек және демалыс түрлері өзгеріске аз ұшырайды. Мұндағы еңбек табиғи ырғаққа, яғни жыл мезгілдерінің ауысып отыруына негізделген. Қала мен салыстырғанда ауыл тұрғындарының еңбекпен қамтылу дәрежесі төмен, бірақ еңбек пен тұрмыстың мазмұндық бірлігі жоғары, еңбек ету жағдайлары ауыр, инфрақұрылымы нашар дамыған. Ауылдағы отбасылар әлеуметтік және ұлттық жағынан біртекті болып келеді. Әлеуметтік бақылау дәрежесі қала мен салыстырғанда жоғары, себебі адамдардың өзара қатынастары әдет-ғұрыптарға, салт-дәстүрлерге қатаң негізделген.