lat: AÝYRSYNÝ
Түйсіктің ерекше бір түрі. Ауырсыну денеге ішкі мүшелерден немесе сырттан қолайсыз тітіргендіргіш әсер еткенде туындайтын жан құбылысының жағдайы. Кісі дені сау кезіндегі түйсіктердің осы түрін байқай бермейді. И.М.Сеченов мұндай түйсіктерді «көмескі түйсік» деп атаған. Органикалық түйсіктердің құрамына енетін адам организімнің жалпы хал-күйінің негізі болып табылатын осынау түйсіктердің профилактикалық маңызы зор.
Өйткені ол жаңадан білініп келе жатқан аурудың алғашқы хабаршысы ретінде бұлар организмнің бірқалыпты жұмысының бұзыла бастағанын білдіреді. Осындай жағдайда адамның көңіл күйі кейде күрт нашарлап, дегбірсізденіп, ауруды болдырмау шараларын қарастырады. Ерік-жігері күшті, рухани өмірінің мазмұны бай, уақытты үнемі іс-әрекетке толы адам тәнге түскен осындай қолайсыз жағдайларға сыр бермей, шыдамдылық көрсетеді. Ауырсыну түйсігінде шеткі жүйке саласы әсіресе ми қабығы орталығы басқарып отырады.