АУЫСТЫРУ

lat: AÝYSTYRÝ

А.Байтұрсынұлының «Əдебиет танытқыш» еңбегінде алғаш рет қолданылған термин. Ауыстыру сөздің көбі өз мағынасында жұмсалмай, өзге мағынада жұмсалып, арасында ешқандай ұқсастығы жоқ екі нəрсенің əсері бірдей болып, бірін екіншісіне ауыстырып, өз мағынасынан өзгеше айтылуын білдіреді. «Күн құтырып кетті», «аяз қарыған», «қырау соққан» деген тіркестерді мысалға келтіріп, олардың өз мағынасынан басқа мағынада қолданылып тұрғанын ашып түсіндіреді. «Құтыру» деген сөз негізінен жанды, есті нəрсенің күйін көрсететін сөз. Мұнда күннің желдетуін адамның құтырған күйіне ұқсастырып, ауыстырылып алынып тұр. Ал соғудың өз мағынасы бір нəрсені екінші нəрсемен ұру. Қырау бір нəрсеге түскенде оны ұрмайды, оған тек тиеді. Яғни қыраудың бір нəрсеге тиіп келтірілген зақымын соққаннан болатын зақымға, «соққан» деген сөздің мағынасын қырау сөзінің қолданысына ұқсастырып, ауыстырылып алынып тұрғанын ашып көрсетеді. Байтұрсынұлы сөз мағынасын ауыстырудың бірнеше түрін атап өтеді: бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, бернелеу, əсірелеу, мезгеу, əсерлеу.