(ежелгі грек. – ретафора «ауыстыру», «ауыспалы мағына») бір топқа жататын зат немесе құбылыстың айрықша белгілерін сипаттау үшін екінші топқа жататын зат немесе құбылыспен ауыстыратын құбылтудың (троп) бір түрі. Ауыстырудың болмыстағы бар заттармен теңестіру, ұқсату арқылы затқа атау беру, абстрактілік мағынаны білдіретін жаңа ұғымдарды қалыптастыру, бағалауыш бейне тудыру қызметі оны әдебиеттану ғылымының ғана емес, лингвистика, эстетика, логика, философия ғылымдарының да зерттеу нысанына айналдырып отыр. Лингвистикада ауыстырудың когнитивтік бағыттарына баса мән беріліп, ол таным нәтижесін беру құралы ретінде танылса, әдебиеттану ғылымында ауыстыруды сөздің бейнелілік, суреттілік қасиеттерін арттыратын тіл құралдарының бірі ретінде таниды. Көркем шығармаларда ауыстыру затты немесе құбылысты сипаттау барысында оның көп ескеріле бермейтін қасиеттерін баса көрсету үшін, оларға ерекше назар аударту үшін қолданылады. Ғалым А.Байтұрсынұлы: «Сөздің көбін өз мағынасында жұмсамай, өзге мағынада жұмсаймыз. Арасында түк ұқсастық жоқ, екі нәрсенің ететін әсері бірдей болса, біріне қас ғамалды, екіншісіне ауыстырып айтамыз. «Құтырып кетті», «қарыған» деген сөздер нақ өз мағынасында емес, өзге мағынада айтылып тұр. «Құтыру» жанды, есті нәрсенің күйін көрсететін сөз. Мұнда күннің желдетуі адамның құтырған күйіне ұқсас әсер ететіндіктен жанды нәрсенің күйін көрсететін сөз күннің күйін көрсетуге ауыстырылып алынып тұр. Қарығанда ыссы нәрсемен қариды, аяздың үсіткен жарасы, ыссы нәрсенің қарыған жарасына ұқсас болғандықтан аяз ғамалына айтылып тұр. Осындай, ұқсастығымен ауыстырып, өз мағынасынан сөзді өзгелеп айту ауыстыру деп аталады» деген болатын. Ғалым З.Ахметов «Ауыстыру екі нәрсені, құбылысты салыстыру және жанастырып-жақындату негізінде астарлы тың мағына беретін бейнелі сөз немесе сөз тіркесі» деген анықтаманы береді. Ғалым: «Ауыстыруда теңеудегідей екі нәрсені теңеп, салыстырудан гөрі олардың арасындағы ұқсастық жақындықты, сезім-әсер жалғастығын тірек ету басым болады. Көбінесе сондай екі нәрсенің бірі айтылып, екіншісін емеурін жасап, сездіреді» деп ауыстырудың құбылтудың басқа түрлерінен ерекшелігіне тоқталады. Символикалық, эмоционалдық мағынаға толы ауыстырулар тек поэтикалық қолданыста ғана емес, дәстүрлі қолданыста да кездеседі. Мәселен, суық сөз, жан азығы, тағдырдың тартуы деген ауыстырулар ауызекі сөйлеу барысында да жиі қолданылады. «Жақсы сөз-жарым ырыс», «Оқу-білім бұлағы, білім-өмір шырағы» сияқты мақал-мәтелдер ауыстыру тәсілінің қазақ паремеологиясында кеңінен қолданылғанын көрсетеді.