ағаштан ойылып жасалған, сұйық, сусын ас ішуге арналған, көлемі шағын, кеседен үлкен шұңғыл, дөңгелек ыдыс. Сыйымдылығы бір литрдей, оны пошымы мен өңделуіне қарай саптыаяқ, сырлы аяқ, қолдануына қарай кесе-аяқ, қымыз аяқ деп атай береді. Оның түбi орнықты, жиегi тiк, жұқа болады. Көбiнесе қымыз, шұбат құйылып, сыйлы кiсiлерге ұсынады. Сыртын оюлап түрлi-түстi сырмен сырлайды. Балаларға лайықталған шағын түрiн тостаған дейдi. Шеберлер ағаш ыдыстарын көбінесе аршадан жасаған, өйткені, аршадан жасалған ыдысқа шыбын-шіркей әуес болмайды дейді. Бұрын ағаштан ойып аяқ жасаушыларды ел ішінде қырғышы деп атаған. Бұл атау ыдысты ағаштан қырып жасайтынын білдіреді. Ерекше бір түрі қымыз ішуге арналған қымызаяқ, оған қосымша қымызожау, қымыз тегене, керсен сияқты ыдыстар қымыз ыдысының кешенін құрайды.