Қаланың оңтүстігінде түбінен теңге көрінерліктей айдын көлі бар (Қ. Исабаев). Қараған айдын көктің жүзіне көп, мұнда да сұлулық бар өзіне ерек (С. Мәуленов). Айдыны кең шалқыған, Көз жеткісіз егін бар (К. Әзірбаев). XVIII ғасырда өмір сүрген филолог Мехдихан бірсыпыра түркі тілдерінде қолданылып жүрген айдын сөзі туралы мынадай этимологиялық талдаулар жасайтын көрінеді. Оны біз А. Щербактың жазғандарынан білеміз: айдын (айлы түн)>ай + түн (Щербак. Грам. староузб. яз.). Шынында да, айдын сөзі осы күнгі көптеген түркі тілдерінде айтылады: азербайжан (айдын), ұйғыр (айдын, айдын, айдун) т. б. Осы тілдердің сөздіктері бойынша, айдын сөзінің орыс тіліндегі аудармасы былай беріледі: айлы түн, ай сәулесі, ай сәулесі түсіп, жарқырап жатқал нәрсе (Малов. Уйг. яз.; Малов. Лобн. яз., т. б.). Сонда бұл сөз ай+түн>айтун> айдын болып қалыптасқанға ұқсайды (ұйғыр тіліндегі айдун формасын салыстырыңыз). Түбір сөздегі т(түн) дыбысының д-ға айналуы оны қоршап тұрған дыбыстардың (ц мен ын) әсерінен болса керек, ал ү дыбысының ы-ға ауысуы, біріншіден алғашқы компоненттегі а дыбысының жуандығына қарай үндесу болса, екіншіден, ерін үндестігінің соңғы буында әлсізденуінен болар деп топшылаймыз. Басқа түркі тілдеріндегі айдын сөзінің өзара мағынасын салыстырғанда мынадай сияқты: 1) түнгі ай мен оның сәулесі, 2) ай сәулесінің су бетіне түсіп, шағылысқан жарығымен жарқырап (шағылысып) жатқан нәрсе, 3) беті ашық, мөлдір не айқын нәрсе; 4) белгілі бір ұғымдағы көлем. Қазіргі қазақ тілінде айдын сөзінің тек 2,3 және 4-мағыналары ғана қолданылатын тәрізді (жоғарғы мысалдарды қара). (Ә. Қ.)