Айнадай

lat: Aınadaı

сын... Айна сияқты, айна тәрізді.

Таулардан өзен ағар сарқыраған,

Айнадай сәуле беріп жарқыраған.

Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,

Аралап тау мен тасты арқыраған (Ы.Алтынсарин, Өлеңд.).

ауыс. Тап-таза, тұнық.

Баян көлі айнадай мөлдір бұлақ,

Сылдырлап жататұғын келіп құлап (Ғ.Мүсірепов, Шығ.).

Жарқыраған, шайдай ашық. Жаңа ғана айнадай жарқырап тұрған аспан әлемін iлезiмнiң арасында қою қара бұлт торлап алды (А.Байтанаев, Болат).

Айнадай аспан жүзінде

Жымыңдап жұлдыз ойнады.

Басталғандай дәл бүгін,

Бүкіл әлем ойнағы (Ә.Серсенбаев, Ақмарал).

Жап-жалтыр, жарқыраған.

Мұз айдыны айнадай алыстан көз тартады (Ауызекi).