Айнадай жарқыраған

lat: Aınadaı jarqyraǵan

а) Тап-таза, мөп-мөлдір. Таулардан өзен ағар сарқыраған, Айнадай сәуле беріп жарқыраған (Ы.Алтынсарин, Таңд. шығ.). Күн батса, атылмайды сарғайып таң, Ойладым жатып, тұрып жаныма қам. Айнадай жарқыраған айқын көңіл Осы күн басылып тұр, басқан соң шаң (Кердері Әбубәкір, Қазағым). Бұлты айығып,айнадай жарқыраған аспанға шілде күні ысып көтерілді (С.Бегалин, Таңд. әңгім.). ә) Жап-жалтыр, теп-тегіс. Жел тұрып, дауыл күшейсе,айнадай жарқырап жатқан мұзды тас түскен шыныдай жарып жібереді («Лен. жас»). Сергітіп тұла бойды майда лебі, Айнадай жарқыраған Айнакөлі. Мөлдіреп аспан жүзген айдынында, Қазақтың Айнакөлдей қайда көлі (С.Мәуленов, Алыс кет.). б) Тегіс, кең, түзу. Жеңіл машина айнадай жарқыраған жолмен зырғып отырып, біздің қақпаның алдына келіп тоқтай қалды («Балдырған»).