АҒЫНАН ЖАРЫЛУ

lat: AǴYNAN JARYLÝ

Адамның ішкі сырын бүкпесіз білдіріп, болмыстың шындығын жасырмай ақтарып салатын мінездегі ұнамды қасиет. Ағынан жарылу мінезіндегі ақжарқын жайдарылықты, адал ниет пен ақпейілді, таза ой мен әділдікті білдіретін ұнамды сипаттар. Мінезі ақжарқын адам өзінің ойы мен мақсат-мүддесін, басынан кешірген оқиғаларын, көңіл күйін жасырмай ашық-жарқын білдіреді.

Маңындағы адамдарды да өзіндей деп санап, оларға ақпейілдікпен сенеді. Ақкөңіл адал адамның мінез-құлқын қастерлеп, халқымыз «Ақкөңіл адамның аты арымас, тоны тозбас» деген мәтелмен тұжырымдап түсіндірген. Ағынан жарылып сөйлейтін ашық мінезді жайдары адам айналасындағыларға ақниетімен қарайды. Оларға ақпейілі мен көңілшектігін танытады. Ақниетті адамның жанашыр дос-жарандары да көп болады. Оны үнемі құрметтеп, өзара сыйласымды қатынас жасайды. Халық таза ойлы да, әділ де адал адамды дос санап, оның турашылдығы мен шыншылдығына қолдау көрсетіп, оны өзгелерге үлгі-өнеге етеді. Ағынан жарылу, кішіпейілділік көрсету - адамның жеке басы мен бойындағы ұнамды да жағымды қасиеттері. Ондай қасиеттер адамның кісілік беделін арттырып, халық арасындағы құрметке ие болуына жетелейді.