жылқы терісінен тұтас тігілген, жауын-шашыннан қорғайтын, күләпарасы бар, тұлыпқа ұқсас, жамылғы түріндегі сулық киім. А. жасау үшін теріні малмаға салып, жүнін жидітпей, түгін қырмастан жұмсарта илейді. Сәл тобарсытып алған соң талқыға салып, созғылап, әбден жұмсартады. Тұтас тері кеңдеу келген ішік үлгісіне ұқсас етіп пішіледі. Оған жалғастыра шығарылған күләпара ішіне қарай бүгіліп тігіледі. Басқа бөлігін көктеп тікпейді. Пұшпақтары ғана өбістіріледі (байланыстырылады). Екі бүйірдің шынтақ тұсы киімнің жеңі сиятындай етіп ұзындығы бір қарыс мөлшерде қиғаш тілінеді. Қаусырынғанда алқымның тұсына келетін қос пұшпаққа шүберектен ызылған берік бау тағылады. Белуар тұсынан бір өңіріне ілгек бекітіп немесе екі өңіріне де ішінен ішкі бау тағады. Абаны желді, жауын-шашынды күндер сулық ретінде жамылады. Түгі сыртында, әрі ығы төмен қарай жығылып жататындықтан суды да өткізбейді, суықта да желдің ызғарынан қорғайды. Кейде оны ұзақ жолдан терлеп келген атты суытқан кезде сауырына түк жағымен жабуға қолданады. Яғни жауынгерлер мен малшыларға аса қажет киім ретінде жүрсе жамылғы, жатса төсенішке саналған бұйым. Абаны қажет болатын маусымда шиыршықтап, бүктеп қанжығаға байлап жүреді. Аба атауы парсы тіліндегі су деген мағынаны білдеретін «аб» сөзімен төркіндес болуы мүмкін.