АДА

lat: ADA

(ар. ада داءا) 

1. Жоқ қылу, жоқ болу.

Басыммен жақсылықты жанымменен, Етемін бәрін даяр бүгін ада («Әбуғалисина, Әбілхарис». Дастандар, 1990).

Ада қылды екеуі, Он бестен отыз найзаны («Еңсегей бойлы Ер Есім». Бабалар сөзі. 56-том. 2009. 100 томдық).

Бұ иылдан соңыра ол түлкі қарсақны ада қылармыз (1732 жылы Әбілхайыр ханның патша атына Тавкелев арқылы жолдаған хаты).Парызын ада қылған мойнындағы, Қабірдің сауалынан қатты қорқып («Зұман періштенің сұрауы». М.Жүсіп, ІІ-том, 2003).

Ада болу жұрдай болу. Көңілімді бұл саудамен қайғы басқан, Жүдедім ада болып, ішер астан («Гүлкәшимә». Дастандар, 1960).

2. Аяқтау, бітіру.

Оқуға жеті жаста берді мұны, Бар ғылым он бес жаста болды ада («Өліп тірілген Шаһызада». М.Жүсіп, І-том, 2003).

Ада болмау таусылмау, бітпеу. Ада болмас бұл сөзім, Ұзатпай енді бастайын («Мұңлық-Зарлық». Ғашықнаме, 1976).

Күнде мұндай он берсең ада болмас , Қайдан таптың қисапсыз мұнша малды? («Қасым Жомарт». Дастандар, 1990).

3. Толық орындау.

Міндетті ада етуді ғақыл айтса, Ғақылыққа көңіл мойын ұсынбаған («Гүлкәшимә». Дастандар, 1960).

Баламның сүндетін ада қылу үшін, Ат жетер жерге хабар бермек ойым («Әзірет Әлидің соғысы». Бабалар сөзі. 15-том. 2005. 100 томдық).

Исламның бес бәнасын тамам әйла. Ада қыл, парыз, уәжіп, сүннетпенен («Қисса Ләйлі Мәжнүн». Бабалар сөзі. 19-том. 2005. 100 томдық).

Намазын оқып ада қылғаннан соң, Мен айттым басымдағы өткен кепті («Киік». Бабалар сөзі. 10-том. 2004. 100 томдық).

Ада қылушы толық орындаушы, атқарушы. Жанарал губернаторлық амалын ада қылғучы Орынбурұғ уалайатының баш дабыты қағдалы уә қағдасыз Орынбурұх ләшкерінің сардары... (1785 жылы Нұралы ханның әскер шақырған хаты).