lat: ADAL
(ар. халал حلال)
1. Рұқсат етілген, тыйым салынбаған.
2. Арам емес, таза.
Қонақ саған не болды қара басып, Адал асты мен бердім саған асып («Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (Шөже нұсқасы). Бабалар сөзі. 55-том. 2009. 100 томдық).
Адал жұмыс – адал еңбек . Опасыз дүние, пұл үшін, Айналдырдым арамға, Біреудің адал жұмысын («Орқа – күлше». Бабалар сөзі. 1-том. 2004. 100 томдық).
Адал мал [қара] – таза еңбекпен тапқан мал. Шалда бар адал малдан жалғыз түйе, Оған да жарлылықпен болған ие («Жетім көдек». Бабалар сөзі. 1-том. 2004. 100 томдық).
Менде адал қара жоқ, Қара тауып беретін, Іні менен аға жоқ («Аңшыбай батыр». Қырымның қырық батыры. 2005).
3. Кіршіксіз, пәк.
Бір сенің адал жүрек, басың үшін, Мысырдың патшасының бердім қызын («Әбуғалисина, Әбілхарис». Дастандар, 1990). Адал болсаң дәулетке мол боларсың, Етің кетсе, сүйегің бор боларсың. (Қозы Көрпеш-Баян Сұлу (Шөже нұсқасы) Бабалар сөзі. 54-том. 2009. 100 томдық).
Адалдау – 1. Ақтап алу, күнәсінің жоқтығын растау . Мұнафиқ қорықпай кірді жамандауға, Мұсылман көп таласты адалдауға («Қисса хазіреті Айшаның тұһматы». Бабалар сөзі. 11-том. 2005. 100 томдық).
2. Арам жолмен емес, таза еңбекпен табу.
Адалдап жиған малыңды, Залымдарға тапсырып («Қобыланды батыр». Бабалар сөзі. 35-том. 2006. 100 томдық).
Зекетін адалдау – адал малдан зекет беру. Зекетін адалдайды малы барлар, Кім айтса соған нанған имандылар («Болат, Жанат». Бабалар сөзі. 6-том. 2004. 100 томдық).