көшпелі ортадағы этикалық мәнді қатынастар жүйесін ұйымдастыратын және реттейтін адал ↔ арам, обал ↔ сауап деп аталатын екі жұптан тұратын төрт іргелі категориялардың бірі. Адал категориясын мәні мен қолданыс аясы тұрғысынан субъектілік және объектілік деп жіктеуге болады. Адал субъектілік қасиет ретінде субъектінің, яғни адамның іс-әрекеті арқылы көрінеді. Адалдың объектілік қасиеті белгілі бір объектінің (мысалы, көшпелі ортада мал, өсімдік және т. б.) қолданыстық маңызды тұрғысынан анықталады. Бірақ объектінің адалдық сипаты түптеп келгенде, субъектінің тиісті әлеуметтік-мәдени (этномәдени) ортаның ежелден қалыптасқан талғамы мен қажеттілігіне сәйкес рухани позициясы мен дүниетанымы арқылы айғақталынады. Яғни соңғылардың ерекшеліктеріне байланысты болады. Демек, субъектінің де, объектінің де адалдығы әлеуметтік ортадағы субъект-субъект, субъект-объект байланыстары жүйесінде ғана және осы байланыстар арқылы ғана көрініс береді. Себебі адал категориясы субъектінің көзқарасының, дүниетанымының іргелі принципі ретінде аталмыш байланыстар жүйесінің ең мәнді және белсенді элементтерінің бірі болып табылады. Айтылғандардан шығатын қорытынды: адал – ең алдымен тұлғалық, субъектілік мәнді категория. Адал тұлғаның қоғамдық қарекеттің субъектісі ретіндегі кісілік болмысының, яғни рухани позициясының ұйытқысы деп атауға болатын ең негізгі қасиетін бейнелейді. Көшпелі ортада да адамның адалдығы оның туыстарына, руластарына, дос-жарандарына байланысты нақты іс-әрекеті арқылы көрініп отырды. Алайда, кез келген көшпелі жанның адалдық қасиеті оның дәстүрлі қоғамдық қатынастардың нормалары мен принциптеріне сәйкестілігіне байланысты болды. Яғни соңғылары тұлғаның адалдығының объективтік этикалық өлшемі іспеттес болды. Адалдықтың қоғамдық өлшемге сәйкестілігі оған кереғар арам деп сипатталатын кейбір адамның бойынан кездесетін жәдігөйлік, озбырлық, екіжүзділік, алаяқтық және т.б. жағымсыз қасиеттерді бейнелейтін категория-принцип тұрғысынан анықталады. Яғни адал, арам категориялары бірін бірі өзара толықтырып отыратын антитезалар. Олардың өзара байланысы философия тілімен айтқанда, үнемі антиномиялық сипатта болады. Адал категориясы тұлға кісілігінің, адамгершілігінің ең басты этикалық өлшемі ретінде қазақы ортада айырықша қастерленді. Қазақ тарихында әйгілі билер соттарында, ақсақалдар кеңестерінде қабылданған әділ шешімдер мен кесімдерді халық ең алдымен осы билер мен ақсақалдардың басым көпшілігінің адалдығымен байланыстыратындығы сондықтан.