lat: ADAM
(ар. адам ادم)
1. Адам Ата, ең алғаш пайда болған адам.
Бірі – Таурат, бірі – Адам, бірі – Ғадін, Екі жүз жыл кірместен тұрды жаны («Адам атаның жаралып, дүниеге келгені». М.Жүсіп, ІІ-том, 2003).
Он сегіз мың ғаламнан, Біз бір пенде Адамнан («Базар жырау Оңдасұлы Өтемісов». Бес ғасыр жырлайды. ІІ том. 1984).
Әуелі хазірет Адам атадан бері қарай, Мұндай, асла, қырғын болғаны жоқ («Қисса Зарқұм». Бабалар сөзі. 12-том. 2005. 100 томдық).
2. Кісі.
Соғысып жүрген адамның , Бәрін де ада қылады («Батыр Жәнібектің өлеңі». Бабалар сөзі. 56-том. 2009. 100 томдық).
Бір адам намаз оқып, азан айтқан, Естіледі ер Әлидің құлағына («Қисса Салсал». Бабалар сөзі. 15-том. 2005. 100 томдық).
Бір адамды жіберсем білмек үшін, Ол адамның білмеспін аслан ішін («Қисса Қасым Жомарт». Бабалар сөзі. 4-том. 2004. 100 томдық).
Адам ұғылы (оғлы) – адам баласы. Бұ жердің жүзінде жоқ Ирамбағы, Жетер ме адам ұғылы оған барып? («Қисса Сейпілмәлік шаһзада – Бәдіғұлжамал перізат». Бабалар сөзі. 17-том. 2005. 100 томдық).
Кішісі үлкеніне жауап берді: – Бұ жерде адам ұғылы қайдан болсын («Қисса Жиһаншаһ Тамузшаһұғылы». Бабалар сөзі. 20-том. 2005. 100 томдық).
Әйелден адам оғлы өрбіген соң, Салмағы ауыр жүктің түскен маған («Гүлкәшимә». Дастандар, 1960).
Адамдық – адамшылық, адамға тән іс-әрекет. Жасы жиырмаға келгенше балалықтың жолында жүр, әлі адамдық ойламай отыр («Ер Бегіс». Бабалар сөзі. 50-том. 2008. 100 томдық).
Адами – тегі адамнан шыққан, адамдар. Бұ сөзге сенбесеңіздер, әй адами, Яхуда Жақып ұғылы нешік ерді («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 13-том. 2005. 100 томдық).
Адамның қисап саны – адамның істеген амалдарының есебі. Адамның қисап санына , ақырет ісі ол тұрсын («Өлең-жыр», Айқап, 1911, №7).