мұсылмандардың ең үлкен діни мейрамы. 1) Ораза айты. Рамазан айы біткеннен кейін шәууәл айының 1-3 күндері ауыз ашуға байланысты өтеді. Отыз күн оразадан соң күллі мұсылман қауымы өз маңындағы мешітке жиналып, айт намазын оқиды. Содан кейін А. басталады. Адамдар: «Айт қабыл болсын, ораза мүбәрәк болсын» деп, қол алысып, төс қағыстырып бір-бірін құттықтасады. Әркім өз үйіне келіп дұға оқиды, А-қа арналған тағамнан дәм татысады. Көршілеріне барып айттық жейді, ықылас-пейілін білдіреді. Әр үй шелпек, бауырсақ пісіреді. Кәрі-жас жақсы киімдерін киіп, салтанатпен мерекелейді. Ән салып, өлең айтады. Жеңіл-желпі ойын-сауық болады. 2) Құрбан айт. Бұл жыл сайын зулхиджа айының 10-нан бастап 3 күн тойланады. Әр мұсылман өзінің әл-ауқатына қарай құрбан шалады (қой, ешкі, сиыр, ат, түйе т.б.). Бұл айт кезінде мұсылмандар қажыға барып, Меккеде қажылық парызын өтеп қайтады. Бұл айт басталатын күні де мұсылмандар мешітке жиналып, айт намазын оқиды. Намаздан кейін бір-бірін құттықтайды. Мал сойылып, ет асылады. Бәрі бір-бірінің үйіне кіріп, дәм татысады. Сөйтіп бұл мейрам адалдық, мейірімділік, қайрымдылық көріністеріне ұласады. Пітір, садақа, зекет беріліп, құдайға құлшылық етіледі. Эпопеяда құрбан айтқа байланысты көрініс суреттелген. «Соған жиналған айналаның елі болатын. Бұл қоныста отырған ауыл саны аса көп. Бәрі де Сақ-Тоғалақтың момын, шаруа баққан қалың елі, бұқарасы, кедей-кепшігі аралас көпшілігі. А й т к ү н і және де бірде-бір ауылға, үйге айрықша салмақ түскен жоқ-ты деп, ауыл азаматтары бір-біріне көмектесіп, қол ұшын беріп, бұл ұлы мерекені бірлесіп тойлаған еді» («Шайқаста»). А. ислам дінінен көп бұрын ежелгі Арабиядан шыққан. Ал ислам діні оны діни дәстүрге айналдырды.