АЙЫП-

lat: AIYP

заң жолы, салт. Барымта, қылмыс, дәстүрді бұзғаны т.б. жағымсыз іс-әрекеті үшін қылмыскерлерге берілетін жаза. А-ның түрлері көп. Жеңіл кінәлары үшін тон немесе ат төленеді. Ауыр қылмыс жасағандар тоғыз төлейді: бұл түйе бастаған тоғыз мал немесе егіз бастаған тоғыз мал. Түйе бастаған тоғыз - 3 бас түйе, 3 бас жылқы, 3 бас сиыр. Ат бастаған тоғыз 3 жылқы, 3 сиыр, 3 қой т. б. Қазір айып заң жолымен көбінесе ақшалай салынады. А-тың әлеуметтік, тәрбиелік маңызы күшті. Мәкен қыздың басына сот үкімімен азаттық берілгеннен кейін, «Оразбай пәлеге тоймас қалпымен енді тағы асқындай түсіп, а й ы п тіледі. Айтқазы Абайларға бұл сәлемді әкелгенде, Абай өз аузынан, өз жағына екі тоғыз айып атады. Дәрменнің көп досының мойнына сәл салмақ боп, тарап түсетін шығындарға қарамады. Мал шығынын өз жағына өздігімен баса салған Абай Оразбай, Дайырларды қаншалық қақап тұрса да, тез қақалтып, тоқтау салды. Ұзақ айлар бойына Абай мен оның көп достарын Семейдің тұрғыны еткен сұлу жүз, сезімді жүрек, сыпайы мінез Мәкен дауы осымен аяқталды» («Құз-қияда»).