АКМЕ

lat: AKME

Тұлғаның дамуының жетілгендігі және іс-әрекет пен шығармашылықта едәуір жоғары жетістіктерге жетуімен сипатталатын, оның соматикалық, физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік күйі. Бұл күй адамның жасымен байланысты және шамамен 30 жастан 50 жас аралығын қамтиды. Кейбір творчестволық тұлғаларда ол әрі қарай да жалғасуы мүмкін. Математика саласында ең жоғарғы жетістіктер 30 жасқа келеді, ал көркем әдебиетте - 50 жастан кейін және т.б. Акме күйінен кейін адамның организмінде инволюциялық процестер пайда болады.

Бұл олардың кейбір физиологиялық және психологиялық функцияларының әлсіреуінде, еңбек қабілетінің төмендеуінде және т.б. көрініс табады. Адам жетілуінің жоғарғы шыңы (акме) - оның өмірінің ұзақ уақытын қамтитын кезеңнен тұратын және әрқашан да оның қаншалықты азамат, белгілі бір іс-әрекет саласының маманы ретінде қалыптасуын білдіреді. Сонымен қатар, акме ешқашан тұрақты болып табылмайды, ал ол аз немесе көп вариативтілікпен, өзгергіштікпен айрықшаланады. Антикалық өмірбаяндарда «акме» деп өмір мен шығармашылықтың жоғарғы нүктесін, ең жақсы кезеңін атаған. Қазіргі заманғы акмеологияны - «гүлдену кезеңі» жөніндегі ғылымды - ең алдымен, әртүрлі мамандықтардағы адамдар қай жаста оған жететіні және осы деңгей қанша уақыт тұра алатыны қызықтырады. Акме басты проблемасы болып табылатын - ол өмірдің белгілі бір кесіндісі емес, ал кез келген кезеңді гүлдендіре алатын жасампаздың өзінің рухының күйі.