Капиталды орталықтандырудың және ірі кәсіпорындарды ұйымдастырудың негізгі формасы. Акционерлік қоғамдар капиталдың алғашқы қорлану кезеңінде пайда болған. Акционерлік қоғам ашық және жабық болып екі түрге бөлінеді. Егер акциялар тек құрылтайшылар арасында ғана бөлінетін болса, онда жабық акционерлік қоғам болып саналады. Ал ашык акционерлік қоғам акциялары еркін сатылып және сатып алынады. Акционерлік қоғам заңды тұлға болып есептеледі. Оның жарғысында қоғамның мақсаты, капитал мөлшері, іс басқару тәртібі айқындалады. Акционерлік қоғамда басқарудың ең жоғары органы акционерлердің жалпы жиналысы болып табылады. Ол әдетте жылына бір рет өтеді, ал күнделікті істерге атқарушы орган - басқарма басшылық етеді. Мұның сыртында бақылаушы орган - тексеру комиссиясы сайланады. Акционерлік қоғамның тапқан пайдасы салықтар төлеуге, өндірісті кеңейтуге, резервтерді толықтыруға, жарты капиталды өсіруге және дивидендтер төлеуге жұмсалады. Қазақстан Республикасында 1991 жылғы 21 маусымда “Шаруашылық серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар туралы” Заң қабылданғаннан кейін акционерлік қоғамдар құрыла бастады. 1998 ж. олардың саны 3 мыңнан асты.