АЛЫМ

lat: ALYM

қазақ отбасыларының патшалық әкімшілікке төлейтін жылдық салығының атауы. Оны шаңырақ алымы деп те атаған. Мөлшері төрт рубль болды. Салық төлеуді ұйымдастыру ауылнайдан (старшын) бастап, аға сұлтанға дейінгі орыс билігінің келісімімен сайланған ресми лауазымды адамдарға жүктелді. А., әсіресе, дәулетті «қоңыртөбел» дейтін отбасыларға ауыр тиді. Мезгілінде А. төлей алмаған кедейлер ұсақ малдарын (қой) саудагерге кепілге қойып, төлеуге мәжбүр болған. Саудагер кепілдік малдың әр басын сексен тиынға ғана бағалады. Сонда төрт рубль ақшаны және уақытында төлей алмағаны үшін айып-өсімді қосқанда, кедей отбасы А.-ға деп жылына жеті қой шығынға ұшырап отырды. А.ның тағы бір «ішкі» түрі (болыс пен старшынға тиесілі) «қара шығын» (земский сбор) деп аталды. А.-ды орыс отаршылдығының әлеуметтік-экономикалық салдары, әрі осы кезеңде қазақ даласына дендеп ене бастаған тауарлық ақша қатынастарының элементі ретінде қарастыру қажет.