lat: ANDA
дәстүрлі этномәдени ортада адамдардың достығының ең жоғарғы «жан аямас» түрі. Өйткені адамдар осы ретте өзара ант беру арқылы достасады. Яғни мәңгілік адал дос, тамыр болуға, ол үшін тіршіліктің нелер бір қиын сәттерінде қажет болса бірі үшін бірі жан қиятын болып сөз байласады. Сөйтіп анттасу анда болу жосынының моральдық-этикалық кепіліне айналады. Шежірелік деректерге қарағанда, анда болған адамдардың ұрпақтары кейін ру-қауым болып та ұйымдасқан. Мысал ретінде жалайыр тайпасына жататын андас руының қалыптасу үрдісін айтуға болады. Шежірелік аңызға қарағанда андас руы өзара анда болған екі достан тараған деседі. Кейін бір қауым рудың андас деп аталуы осы жайтқа байланысты болды. Анда рәсімі кейінірек екі достың арасында ғана емес, қоғамдық кең ауқымды мәнге ие болып, жеке тұлға тарапынан ел үшін немесе ұлыс әміршісі хан үшін анда беру рәсіміне ұласып, далалық ғұрыптық заңның бір түріне айналып кетті. Ант беру салтының магиялық та, құқықтық та, моральдық-этикалық та, ғұрыптық та қырлары болды.
Ант берудің мақсаты да, орындалу шарты да алуан түрлі болып келеді. Мысалы, ежелгі анда болу кейін анттасу деп аталатын мәмілегерлік жосынға айналды. «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» тұлғалар Керей Уаңхан мен Есукей батыр немесе Тэмүжин мен Жамуха арасындағы «андалық» саяси ірі одақтастыққа ұласып, билік пен байлықты бөлісудің құралына да айналды деуге болады. Бұндай мағынадағы анттасулар мемлекеттің болашақ тағдырын шешетін ірі саяси тетік болды.