АНТИГЛОБАЛИЗМ

lat: ANTIGLOBALIZM

XX ғ. соңында пайда болған, «төменнен» азаматтар мүддесіне сай қимылдайтын әлеуметтік-саяси қозғалыс. Антиглобализмнің жақтастары, әдетте, бұл атауды бірегейлену мақсатында қолданбайды емесе тырнақшаның ішінде қолданады), өйткені қозғалыс ықпалдасу процестеріне қарсы тұруды емес, қазіргі үстемдік етіп отырған жаһанданудың либералды капиталистік түрін өзгертуге талпынады. Қозғалыстың негізгі мақсаты демократияға, әлеуметтік теңдікке, өзіндікті сыйлауға және ұлттық-мәдени құрылымдардың өзіндік ерекшелігіне негізделген экономикалардың, халықтардың, мәдениеттердің ықпалдасуы процесінің дамуы. Антиглобализм әртүрлі әлеуметтік топ және жік өкілдерін біріктіреді - жұмыссыздардан жоғарғы тап өкілдеріне дейін. Бастапқыда антиглобализм халықаралық ұйымдар кездесулерінде әлеуметтік қозғалыстар түрінде көрініс тапты. 1999 жылдан бастап айқын көріне бастады. Ортақ басқару органы жоқ, өздігінен пайда болған қозғалыс, жаңа бүкіләлемдік қоғамдық ұйымды білдіреді. Әртүрлі қоғамдық қозғалыстардың, сондай-ақ солшыл бағыттағы саяси ұйымдардың ортақ жиынтығын көрсетеді. Оның құрамына кәсіподақтық, әйелдер, жастар, экологиялық, пацифистік және басқа да үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар кіреді. Бейресми байланыстарын интернет арқылы жүзеге асырады.