қазақы ортадағы туыстық қатынастар жүйесінің іргелі ұғымдарының бірі. Жасы кіші жақын қандас туыстарға ғана емес, осы шамадағы рулас адамдарға да жасы үлкен әйел апа болып есептелінеді. Тіпті, жақын туыстығы жоқ жасы кіші адамдар да үлкен әйелді апа деп атаған. Сонымен бірге, Қазақстанның көп өңірлерінде шешесін, тіпті, әжесін де апа деп атау дәстүр болып қалыптасты. Жетісу өлкесінде апаны әпке, осы өңірдің шығысында – әйе, Шымкент облысында – әпше, қалған өңірлерде – апай деп атау ертеден бастау алады. Жасы үлкен әйелді құрметтеу, еркелеу, іш тарту, оны қастер тұту мақсатында апажан деген. Қазақ дәстүрінде бауырлары, кіші сіңілілері апаның алдына түспеген, апасының сөзіне тоқтаған, оның талабын сөзсіз орындауға тырысқан. Кішілер апаларды ақылшы санады. Оң жақта отырған кезде үлкен қыз өзінен кейінгі бауырларының апасы ретінде оларды тәрбиелеу ісінде үлкен рөл атқарды.