АҚМОЛА

lat: AQMOLA

Қазақстан Республикасының орталығындағы əкімшілік-аумақтық бөлініс. Бұл өлкенің тарихына шегініс жасар болсақ, өткен ғасырға сапар шегеміз. Есіл өзенінің жағасында орналасқан бұл қала қазақ халқының атамекен қонысы. 1863 жылдың 16 шілдесінен бастап, Ақмола ашық түрде округтік қала болып саналады. 1868 жылдың қазанында «Орынбор жəне Батыс Сібір генерал губернаторлығының уақытша басқару жағдайына» байланысты Ақмола облысы құрылады. Кеңес үкіметі жылдарында Ақмола атауы ұмытылып, бұл өлкеге тың жəне тыңайған жерлерді игеру деген желеумен түрлі ұлт өкілдері қоныстандырыла бастайды. Қала «Целиноград» деген жаңа атау алады. 1956 жылы КСРО Ішкі істер министрі Қазақстанда Шешен-ингуш автономиялық республикасын құру қажет деген ұсыныс жасаса, 1979 жылы КОКП комитетінің саяси бюросы Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Көкшетау облыстарынан жер алып, орталығы Ерейментау болатын Неміс автономиясын құру жөнінде құпия шешім қабылдайды. 1979 жылғы 16 жəне 19 маусым күндері Целиноград қаласының Ленин атындағы орталық алаңына мыңдаған адам жиналып, қазақ жерінің бөлінбейтінін, ешқандай автономияға жол жоқ екенін батыл мəлімдейді. Компартия басшылығы шешімдерін өзгертуге мəжбүр болды. Бұл Кеңес Одағы дəурен сүрген ұзақ жылдарда коммунистік партия көсемдерінің алған бетінен алғаш рет қайтуы еді. Ел тəуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы Целиноград қаласы мен облысы қайтадан байырғы атауымен Ақмола атанды. Ақмола атауына байланысты болжамдар көп. Мұның бірінде «Ақмола» «Ақмолла» деген кісі есімінен шыққан. Орыс тілінің ықпалымен «молла» сөзі «мола» тұлғасына түсіп, мүлде басқа мағынаға, яғни «ақ бейіт» мəніне ауысып кеткен десе, пікірлердің келесі тобы «Ақмола» атауын обамен байланысты қойылған дегенді мақұлдайды. Ақмола сөзін «ақ мол», яғни «сүт көп» деген мəнмен байланыстыратын пікірлер де бар. Ақмола облысының аумағы – 46,2 мың шаршы метр немесе республика аумағының 5,4% құрайды. Облыстың əкімшілік орталығы – Көкшетау қаласы, қаланың іргетасы 1824 жылы қаланды. Облыстың құрамына облыстық маңызы бар 2 қала (Көкшетау жəне Степногор қалалары), аудандық маңызы бар 8 қала (Ақкөл, Атбасар, Державин, Ерейментау, Есіл, Макин, Степняк жəне Щучин), 17 ауылдық аудан, 5 кент жəне 660 ауыл мен село кіреді. Облыс Қазақстан Республикасының орталық бөлігінің солтүстігінде орналасқан. Батысында – Қостанай, солтүстігінде – Солтүстік Қазақстан, шығысында – Павлодар, ал оңтүстігінде – Қарағанды облыстарымен шекаралас. Облыс қомақты экономикалық əлеуетке жəне табиғи ресурстарға бай. Болашақтағы даму алғышарттары өңірдің шикізат ресурстарын экспорттаумен ғана шектелмей, орта жəне жоғары технологиялық тауарлар мен сервистік қызметтерді жеткізуші ретінде де көріну мүмкіндігімен айқындалады. Аумақтың жер бедері əртүрлі: басым көп бөлігін жазық дала, ұсақ шоқылық жерлер, шамалы тармақталған жəне көлдік аңғарлар мен орман жамылған таулар алып жатыр. Облыстың ауа-райы шұғыл континенталды. Жазы қысқа жəне жылы, ал қысы ұзақ, ызғарлы желдері мен ұйытқыған борандары араласқан аязды болады. Ауаның ең төменгі температурасы -40°С жоғары, ең жоғарғы температурасы +40°С жетеді. Өсімдіктері, əсіресе, облыстың солтүстік бөлігінде өзінің алуан түрлігімен жəне тиісті ландшафтымен, атап айтқанда, қарағайлы-қайыңды ормандарымен жəне тау беткейлерін көмкерген түрлі өсімдіктерімен ерекшеленеді. Таулы қарағайлы орман – облыстың байлығы. Облыстың жануарлар əлемі өзінің айтарлықтай молдығымен жəне əртүрлігімен ерекше көзге түседі: сүтқоректілердің – 55 түрі, құстың – 180, балықтың – 300 түрі мекендейді. Облыстың аумағында «Көкшетау» жəне «Бурабай» Мемлекеттік ұлттық табиғи парктері мен Қорғалжың Мемлекеттік халықаралық маңызы бар қорығы орналасқан. Облыс туристік бизнесті дамыту үшін қолайлы аумақта орналасқан. Облыстың көпшілік аудандарында ішкі туризмді дамытуға арналған үлкен мүмкіншіліктері бар. Демалыс үйлері, санаторийлер мен туристік базалар, алдын ала емдеу орындары мен пансионаттар бар. Щучин–Бурабай курорттық аймағы – тамаша табиғи-климаттық жағдайы, бай емдеу-рекриациондық ресурстары, тарихи-мəдени қоры бар курорттық орын. Қолайлы инвестициялық ауа-райын құру, отандық жəне шетелдік инвестицияларды тарту, сондай-ақ болашақта оның аумағында туристік ойын-сауық орталығын дамыту мақсатында «Бурабай» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Облыстың өңірдің экономикасын, атап айтқанда, халықаралық туристік бизнесті дамытуға инвестиция тарту үшін əлеуеті зор.