АҚПАРАТ (INFORMATION)

lat: AQPARAT (INFORMATION)

қазіргі заманғы ғылым мен саясаттағы ең өзекті, іргелі және даулы ұғымдардың бірі.

Жалпы анықтамасы болмағандықтан, түрлі пәндік салаларда түрліше интерпретацияланады.

Философия бір-біріне қарама-қайшы екі тұжырымды қарастырады: біріншісі ақпаратты барлық материалдық объектілердің қасиеті, яғни материяның төлсипаты деп жіктейді (төлсипаттық тәсіл), ал екіншісі оны тек өздігінен ұйымдасатын жүйелердің қызметімен байланыстырады (функционалды тәсіл).

У.Р.Эшбидің А.Д.Урсул толықтырған анықтамасы ең кең тараған (бірақ жалпы бірдей қабылданған емес) болып табылады, ол ақпаратты тірі және өлі табиғаттағы кез келген объектілердің (процестердің) бейнеленген саналуандығы ретінде қарастырады.

Тұрмыстық деңгейде ақпарат көбіне түйсікпен қабылданады және бір нәрсе немесе біреу туралы мәліметтер алумен байланыстырылады.

Информатикада бұл қызығушылық тудыратын, тіркеуге және өңдеуге тиісті болатын фактілер, құбылыстар мен оқиғалардың жиынтығы (Э.А.Якубайтис бойынша).

Есептеуіш техника нағыз прагматикалық анықтамасын қолданады, онда ақпарат дегеніміз мәліметтерге берілетін мазмұн (В.И.Першиков пен В.М.Савинков бойынша).