АҚҚУ

lat: AQQÝ

дәстүрлі қазақ қоғамында киелі саналатын құс. Аққудың байырғы түркі халықтарында тотемдік мәні болған. Аққуды киелі құс ретінде қазақтар ежелден қастерлеп, «құс төресіне» оқ атпаған. Оны атқан адамды оның киесі ұрады деп есептеген. Бақсылар бертінге дейін аққу терісін жамылып, оның қауырсынын тағып келген. Ш.Уәлиханов Досмайыл бақсының қобызбен күй тартқанын, оның «Аққу» деп аталатын күйі болғанын еске салады (қазіргі Алматы облысы, Қарғалы ауылы). Қазақ тілінде аққу құсты символикалық тәсілмен адамға көбірек теңеу, ұқсатудың төркіні және ауыз әдебиетінде де сұлулар сыны аққудың бейнесі арқылы берілуі, оның бір кездері тотемдік мәні болуымен байланысты деуге болады. Қазақ поэзиясында аққу әсемдіктің, сұлулықтың, пәктіктің символы ретінде суреттеледі: Аққудай тізіліскен ақша қыздар қарайды, Тамашалап таңды мына (Айтыс). Сондай-ақ қазақ тілінде Аққудың топшысындай, аққудың үніндей, аққудың көгілдіріндей, аққудың мамығындай, аққудың сылануындай тәрізді саналуан тұрақты сөз орамдары бар. Қазақтың мифтік аңыз, ертегілерінде аққу терісін жамылған қыз аққуға айналатын сиқыршы қыздар; «Таласбай мерген» атты қазақ ертегісінде ханның үш қызы аққу терісін киіп жүретіні; «Едіге» жырының Ә.Диваев жазып алған нұсқасында пері қыздары аққу күйінде ұшып келуі; әулиенің аққу кебінін ұрлап алуы; халық аңыздарында бақсылардың атасы Қорқыттың аққудан туғаны жөнінде мифтік сарындар жоғарыда айтып өткендей аққудың тотемдік мәні болғанын айғақтай түседі.