АҚЫРЫН

lat: AQYRYN

үст. 1 . Жай, аспай-саспай, баяу.

Шаңырақтың жабылмай қалған шетінен оң жақ босағада құрулы ақ шымылдыққа түсіп тұрған айдың сәулесі ақырын ғана дірілдейді.Жұмабаев, Шығ.).

Білектей арқасында өрген бұрым, Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын (Абай, Тол. жин.).

Ақырын аяңдап, баласын құшақтай көтеріп, ана солардың қасына келді.Мүсірепов, Таңд.).

2. Бәсең дауыспен.

Қара торы әйел-еркектің бірде-бірі Байжекеңнен бір жақсылық көрмей қалмаған екен. Бірінен соң бірі мұңлы дауыспен ақырын ғана Байжекеңнің манадан берғ айтылып жатқан жақсылықтарына әкеліп қосады: «Жарықтық-ай! Әулие адам еді ғой» - деседі.Мүсірепов, Шығ.). Кейде а қ ы р ы н айтса да, өсем нақыстап, аса бір ырғақты өн созады.Әуезов, Шығ.). Бұлбұл құс қақты қанат, таң да таяу, Ақырын қоңырлатам әнге баяу (Қ.Аманжолов, Нұрлы дүние).

3. Ептеп, жайымен.

Айнаның қарсы алдына Маймыл барып,

Айнадан өз суретін көре салып,

Аюға жанындағы күліп айтты, Ақырын аяғымен түртіп қалып (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Жазып бола бергені сол, желкесінен қарап тұрған сұңғақ евротекті жігіт ақырын қолын созып, алдындағы ақ қағазды алып, «Қойыңыз, Сіздің ешкіміңіз ұсталған жоқ. Сөйтіп жазыңыз», - деп сыбырлапты («Егемен Қазақстан»).

Ақырын үйден шығып таң алдында,

Манағы сайдағы атты тапқан қандай (Ақан сері, Шығ.).

Үйдің іші абайға қарап ақырын күлісе бастады,

Майбасар Жақыпқа қарап көз қысып отыр еді.Әуезов, Шығ.).

Нұрлан ақырын еппен көрпенғ а лды да, білдірмей тысқа шығып, қой қораның сыртындағы үйілген шөптің арасына барып ұйықтады.Шашкин, Сенім).

4. Сәл, сәл ғана, болар-болмас.

Әзілдеді, қырына алды. Оспан ақырын ғана езу тартып күліп, Әйгерім мен Ерболды қолға алды.Әуезов, Шығ.).

Батальондық партия ұйымдастырушысы Диқанбай Қосанов Мәншүкке қарап, ақырын жымиды.Мұқанов, Аспаз).

Кетіп бара жатқан Әзімханның жүрегі ақырын езіліп аунақшып жанына шоқ басқандай батулы еді.Сейфуллин, Әңгім.).

Арланның қолға үйрене бастағандағы қылығы есіме түсті. Бауырын жаңа көтергенінде көгендегі қозының құйрығын ақырын тістеп қоятын.Етек- баев, Алтын.). // Байқа, абайла. Ақырын,ақырын! Қырманды түгел көтергендей екпіндісің ғой өзің (С.Адамбеков, Көсе.). Тез киін. Ақырын, жыртып алма - деді Қасен.Еркін- беков, Шығ.).