АРХАИКАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ

lat: ARHAIKALYQ MÁDENIET

(грек. аrchaios ежелгі ) кең мағынасында адамзат қалыптасқан кезден бастап, өркениеттілікке дейінгі көне мәдениеттердің жалпы сипаттамасы. Архаикалық мәдениетті барлық халықтар өз дамуының бастау сатысында өткізген. Осы мәдениет туралы классикалық зерттеуге Э.Тайлордың “Алғашқы қауымдық мәдениетеңбегі жатады. Архаикалық мәдениеттің төмендегідей белгілерін атап өтуге болады: салт-дәстүрдің мызғымас билігі, табиғатты пайдалануға бағытталған тұрмыс, терімшілік пен аңшылықтың игіліктерге жетудің жақын тәсілі болғандығы, ауыз-екі ақпараттық беріліс, қаланың, сауданың, қолөнердің дамымауы, басқару мен ой еңбегінің бөлінбеуі, рухани синкреттік, мифологиялық сана, рулық-тайпалық бірегейлік, т.б. Архаикалық мәдениет тар мағынасында ежелгі грек мәдениетінің б.з.д. VII VI ғ.ғ. қамтитын кезеңін бейнелеуге қатысты қолданылады. Оның әлеуметтік негізіне полистердің пайда болуы, антикалық құл иеленушіліктің қалыптасуы, жалпы гректік сауда орталықтарының өркендеуі, алфавиттік грек жазуының таралуы жатады. Архаикалық мәдениет кезеңінде гректің классикалық мәдениетінде әрі қарай өркендеген көркем өнер мәдениеті мен эллиндердің гуманистік мұраттарының негізі қаланды.