АРМАН

lat: ARMAN

қиялдың ерекше бір түрі. Бұл дербес жаңа бейнелер құра алады, бірақ арман әрдайым келешекті көздейді және адамның тілегін білдіреді.

Арманның екі түрі болады: пайдалысы және зияндысы. Арман адам қиялының ерекше бір түрі. Арман актив әрекетшіл қиял, өз мақсатымыз бен мүддемізге орай бейнелер жасау, игі мақсат-мүддемізді іс жүзіне асыруды киялдау. Арман келешектегі әрекеттерге арналған қиял. Арман шығармашылық қиялға дайындықтың ерекше сатысы.

Арманды бағалауда ескеретін жайттар:

а) арманның әрекетке қатысы;

ә) шындықпен жанасуы;

б) оның келешек үшін мәні.

Арман өз қалауымызша ойда жаңа бейнелер туғызады. Шығармашылық қиялдың ерекшелігі іс-әрекетпен тікелей байланыспай келешекке бағытталғаны. Оны шығармашылық қиялдың дайындық сатысы дейді. Адам болашағы үшін күресудің орнына бос лағып, құрғақ қиялға сүңгісе мақсатына жете алмайды. Енжар, селсоқ адамның қиялы сүреңсіз келеді, оны көбінде мұң басады. Ол жарқын болашақ үшін күреспейді, тек мойнына су кеткен кісідей мүлгіп отырады да қояды. Қиыны да, қызығы да мол өмір ондайларды қызықтырмайды, бос қиялға салынған кісі өмір ауыртпалықтарын, мұндағы қуаныш, қайғы-қасірет дегендерді жөндеп түсінбейді, тек құрғақ қиялға салынып жүре береді. Арман жастарға қажетті қасиет. Олар жарқын болашағына имандай сеніп, дұрыс армандай білуі қажет. Өйткені, алға қойған мақсатка жету үшін шындыққа орайлас армандағанда ғана, ол адамға зор қуат беріп, келешектегі іс-әрекетке талпындырады.